Туризм және спорт министрі ұлттық құрамамен кездесті
Туризм және спорт министрі жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты қарсаңында ұлттық құрама спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ермек Маржықпаев ел намысын қорғайтын қыз-жігіттердің жағдайын біліп, сары құрлықтың басты сайысында жоғары нәтижеге жетуге тілекстестік білдірді. Сосын спортшыларымызды орналастыруға, тамақтануға, логистика және басқа да маңызды мәселелерге жауапты жедел штабтың жұмысымен танысты.
Қытайдың Ханджоу қаласындағы байрақты бәсеке 9 қазанға дейін жалғасады.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бір қызығы, ұлттық құрама сапында 262 жігіт пен 262 қыз бар. Нағыз гендердік теңдік деп айтуға болады. 30 түрлі спорттан бағымызды сынаймыз. Оның ішінде 27-сі – олимпиадалық спорт түрлері. Олимпиадаға 8 лицензия ойнатылады. Нағыз талас-тартысты көреміз деген ойдамын. Біздің команда намысқа тырысады деп ойлаймын.