Азия ойындары: қоржынымызға қос медаль түсті
Қытайда басталған жылдың басты бәсекесі – Азия ойындарының алғашқы күні дзюдошыларымыз жеңіс тұғырына көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қос медаль жеңіп алдық. Соның арқасында қазір жалпыкомандалық есепте 45 ел арасынан 10-шы орынға көтерілдік. Ал енді жерлестеріміздің жеңіс жолы қалай болғанын ұлттық құрамамен бірге аттанған әріптесім Аслан Қаженов айтып берсін.
Аслан Қаженов, тілші:
- Бірден айта кету керек, Ханджоу қаласы өте үлкен. Сәйкесінше жарыс өтіп жатқан спорттық ареналар қаланың әр бұрышында орналасқан. Оларға жету біраз уақытты алады және Қазақстан атынан осы жарысқа 500-ден аса спортшы қатысып жатыр. Бұл – өзіндік рекорд. Олар дәл қазір параллель бірнеше алаңда медальға қол созуда. Енді араларынан жарыстың алғашқы күні біз дзюдо бәсекесін таңдадық. Ол біздің сол қапталымыздағы аренада өтіп жатыр.
Дзюдошыларымыз үнемі Азия ойындарының алғашқы күндері жүлдеге ілігеді. Биыл да сол қарқыннан таймай, қыз-жігіттер өте белсенді бастады. Әсіресе ең жеңіл салмақтағы Әбиба Әбужақынова финалға дейін барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, соңғы сында ғана жапон қызына есе жіберді. Айта кету керек, Қазақстан әйелдер арасында күміс жүлдені 25 жыл бұрын ғана жеңіп алды.
Әбиба Әбужақынова, Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Загреб қаласындағы гран-приде ІІІ орын үшін ұтылып қалғам. Бұл жерге дайын келдім. Өйткені маған жаттығу жасауға уақыт жеткілікті болды. Бүкіл Қазақстан жанкүйер болып жатыр. Өзіме іштей ренішім бар. Себебі ешкім алтын алмаған. Соны алғым келді.
Әбибаның жеңіс жолын Мағжан Шамшадин жалғасырды. 60 келіде белдескен жерлесіміз жартылай финалда Оңтүстік Корея дзюдошысынан жеңілді. Ал қола үшін күресте тәжікстандық Мехрзод Суфиевтан басым түсті.
Мағжан Шамшидин, Азия ойындарының қола жүлдегері:
- Азия ойындарына бірінші рет қатысып жатырмын. Әнұранымызды шырқатып, қуантам ба деп келіп едім. Кешіріңіз. Енді қателіктермен жұмыс жасап, алдағы уақытта жеңетін боламыз.
Бұған қоса 52 келідегі Ғалия Тыныбаева да жүлдеге қол созып көрді. Ол қола жүлдеге күресуге мүмкіндік алған. Бірақ ақтық сында жолы болмады.
Қазақстандық дзюдошылар әлі 10 салмақта бақ сынайды. Бұған қоса командалық жарысқа да қатысады.
Аслан Қаженов, тілші:
- Сонымен алғашқы жарыс күні артта қалды және бұл үлкен жеңістер сериясының басы ғана деп түсінеміз. Өйткені ұлттық құрама алдындағы мақсат өте ауқымды. Азия ойындарының қорытындысы бойынша жалпы есепте алдыңғы бестікке кіруге талпыну керек. Қазақстандық қыз-жігіттер осы үмітті ақтап, ел абыройын асқақтатады деген сенім бар.
Авторы: Аслан Қаженов.