Н. Тұрсынов Париж Олимпиадасының жолдамасын ұтты

Н. Тұрсынов Париж Олимпиадасының жолдамасын ұтты

Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим күресінен 87 келі салмақта Париж Олимпиадасының жолдамасын ұтып алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күрес түрлерінен Сербия астанасындағы әлем чемпионатында жерлесіміз бесінші орынға табан тіреді. Тұрсынов Белградтағы боз кілем бәсекесін сәтті бастаған еді. Алдымен Италия мен Оңтүстік Кореялық қарсыластарын басым түскен Нұрсұлтан ширек финалда 3 дүркін Азия чемпионы Ирандық Насыр Ализадені тізе бүктірді. Алайда жартылай финалда түрік Әли Женгизге шамасы жетпеді. Қола жүлде үшін болған белдесуде Тұрсынов атақты Украиналық Жан Беленюкке есе жіберді.

Белградтағы әлем чемпионатында Париж Олимпиадасының жолдамасы да сарапқа салынды. Кешенді сынға лизенция алу үшін үздік бестікке ену керек. Нұрсұлтан Тұрсынов медаль сайысында мүлт кеткенімен, жолындағы қосымша кездесуде барын салды. Қазақстандық спортшы әзербайжандық Ислам Аббасовтан айласын асырып, Парижге билет алды.