ATP 250: елордада теннис турнирінің іріктеу ойындары өтті

Елордада Astana Open ATP 250 турнирі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

25 спортшы арасындағы жарыс 1 аптаға жалғасады.

Шетелдік және отандық теннисшілер өзге де іс-шараларға атсалысады.  Жастарға  шеберлік сабағын өткізіп, жанкүйерлермен кездеседі.

Astana Open турнирі жаһандағы беделді бәсекелердің біріне айналды. Былтыр мұнда Новак Жокович, Карлос Алькарас және Даниил Медведев сынды әйгілі спортшылар өнер көрсеткен-ді. Биыл да теннис сүйер қауым қазақ жеріне көз тігіп отыр.

Дмитрий Савчук, «Astana Open ATP 250» турнирінің директоры:

- Қазақстан теннис додаларын ұйымдастыруда жоғары бағаға ие болды. «Astana Open» жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдырдық. Бүгінде әлемдік қауымдастықтағы бәсі биік бәсекелердің бірі ретінде танылды. Былтыр АТР 500 турнирін абыроймен өткердік.  

Қазақстан атынан Александр Бублик, Михаил Кукушкин,Тимур Мәуленов, Александр Недовесов пен Андрей Голубев бар. Мамандар Бублик пен Кукушкинге ерекше сенім артып отыр. 

Жандос Айтбайұлы, спорт комментаторы:

- Кеше ғана Қазақстан жеріне австриялық Тим Доминик, швейцариялық Станислас Вавринка сынды мықты спортшылар келді. Олар дәл осы кортта жүлделі орындарды сарапқа салады. Яғни, бас жүлде үшін таласқа түседі. Ел намысын 2 спортшымыз қорғайды. Кукушкин мен Бублик секілді. Халықаралық ареналарда үлкен, жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген жігіттер. Осы Астана қаласында бас жүлдені өз елімізде алып қалуға тырысады. 

Бүгін турнирдің іріктеу ойындары өтті. Ертең түстен кейін негізгі сайыс кезеңі басталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асады.

Нұрқанат Қанапия, тіліш:

- Турнир бір аптаға жалғасады. 3 қазанда аяқталады. Жеңімпаз да сол күні белгілі болмақ. Бағы жанған спортшы 154 мың АҚШ долларын қалтасына басады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Арман Ақшабаев.