Спортшыларымыз қайда тұрып жатыр? Эксклюзив
Қытайдың Ханчжоу қаласы спортшыларға жасалған жағдай бойынша да өзіндік рекорд орнатып жатыр.
Мәселен, біздің спортшылар жайғасқан атлеттер қалашығы 20 мың адамға есептелген. Әр бөлмеде қоршаған ортаны қорғау мен заманауи технологияны қолдануға басымдық берілген. Әріптесім Аслан Қаженов аталған аумаққа арнайы кіріп, эксклюзивті сюжет жасап шықты.
Ханчжоу төріндегі атлеттер қалашығы. Биылғы байрақты бәсекеге 12 мыңнан аса спортшы жиналды. Бұл – бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Ал жарысты ұйымдастырушылар одан да асып түсіп, арнайы аумаққа Азия ойындарына қызмет ететін мамандарды да жайғастырды. Жалпы сыйымдылық 20 мың адамға жетті.
Ал бұл – спортшылар орналасқан жер. Қазақстандық қыз-жігіттерге 3 блок берілген. Соның бірі – міне, ел абыройын асқақтатқан Әбиба Абужақынова жататын бөлме. Қазір кірейін, көрейік.
Әбиба Әбужақынова, Азия ойындарының күміс жүлдегері:
- Қазір бұл жерде 3 қыз тұрып жатырмыз. Екінші бөлмеде 5 қыз тұрады. Бұл – Севараның бөлмесі. Ал мұнда команда басшысы Гүлбара апай орналасқан. Мен мына жақта жатам. Бәрі жақсы, ыңғайлы, кең. Осы жерде көп уақыт өткізбейміз. Таңнан кешке дейін не жаттығуда, не жарыста жүреміз.
Қазақстаннан келген спортшыларды күтіп алып, бөлмелеріне орналастыратын арнайы штаб бар. Қазақстандық мамандар күні-түні аяқтарынан тік тұрып, қызмет етеді. Өйткені ел намысын қорғайтын қыз-жігіттер ешқандай кедергіге тап болмауы керек. Алда маңызды жарыстар бар.
Айгүл Бектенова, ҚР ТСМ комитеті төрағасының орынбасары:
- Мысалы, бізде бойы биік спортшылпар болады. Волейболшылар, баскетболшылар. Соларға төсекке қосымша жалғасатаны нәрселер берген. Одан кейін спортшыларға арнайы сыйлықтар қарастырған. Бұл қалашық бір жыл бұрын жайын болған. Короновирус кесірінен 1 жылға шегерілді. Өзіңіз байқаған шығарсыз. Жап-жасыл шөп. Тазалық. Соның барлығын бір жыл бойы күткен. Тіпті түнде даладағы асфальтты сабындап жуып жатады. Нәскимен жүрсең, нәскиің кір болмайтын сияқты.
Атлеттер қалашығындағы жарық пен жылу күн энергиясынан алынады. Спортшылар тұратын үйлердің жанында жаттығу залдары, тамақтанатын орындары, демалыс аумақтары, сауда дүкендері, басқа да керек-жарақтың бәрі қарастырылған.
Авторы: Аслан Қаженов.