Шымкенттік оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанды
Тоғызқұмалақтан өткен халықаралық сайыста шымкенттік мектеп оқушысы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».
15 жасар Виктория Белицкаяның жеңісі жарысқа қатысқан ел құрамасының көш бастауына қосқан зор үлес болды. Жарыс Алматы қаласында ұйымдастырылды.
Виктория Белицкая тоғызқұмалақты 9 жасынан бастап ойнап келеді. Бұған дейін талай сайысқа қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Ал мектеп оқушылары арасында өткен әлем чемпионатына қатысу үшін бір жылдан астам уақыт бойы дайындалыпты. Себебі ауқымды шараға тек үздіктер келетінін нақты түсінген. Дегенмен сайыста жеңімпаз атанып, Түркістан облысының намысын қорғады.
Виктория Белицкая, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы:
- Бұл ойынды әбден меңгеру маңызды. Қалай жүру керектігін алдын-ала қарастырасың, қарсыласты жеңу жолдарын іздейсің. Біз сөзбен айтқанда, ойды дамытуға септігін тигізеді.
Виктория – өзі оқитын мектептің мақтанышы. Зияткерлік ойынды жетік меңгерген ол математика, ағылшын тілі пәндеріне өте жүйрік. Тіпті кітап оқуда да мұғалімдерін таңғалдырып жүр. Ал ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз бүгінде ел көлемінде кеңінен дәріптеліп жатыр. Балалар үшін тегін дәріс беріледі.
Данияр Мыңбаев, ұлттық және ат спорты түрлерінен кешенді спорттық клубының директоры:
- Тоғызқұмалақпен және басқа да спорт түрлерімен, балалар, мысалы, арнайы спорт секцияларына келсе, ол жерде тегін айналысады. Олар ол үшін мемлекеттен айлық алады. Сондықтан бізде баладан ақша жинап, ондай ақылы түрде ешқандай жаттығуымыз өтпейді.
Тоғызқұмалақты ЮНЕСКО адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне қосқаны белгілі. Шымкенттегі клуб мүшелері ойынды меңгергісі келетіндердің саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Сондықтан мектептерде де секциялар ашыла бастаған.
Нұрғиса Қадырбек, оқушы:
- Тоғызқұмалаққа 6 жасымнан қатыстым, бірақ 7 жасымнан бастап жарысқа шыға бастадым. Мен 9 жаста республикалық жарыстарға қатыстым. 9 жаста Павлодарда чемпионат болды. Мен ол жерде І орын алдым. Одан кейін менің қызығушылығым арта бастады.
Мұнда болашақ чемпиондарды дайындау үшін балаларды жарыстарға жиі қатыстыру жолға қойылған. Әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Виктория Белицкаяның өзі енді Чехияда өтетін кезекті халықаралық турнирге баратын болды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.