Жетісудағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты кеңейтуді қажет етеді
Жетісу облысының Лепсі ауылындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты кеңейтуді қажет етіп тұр.
Себебі еркін және грек-рим күресімен шұғылданатын балалар бір залда жаттығады. Аталған мекемені 2015 жылы жергілікті кәсіпкер өз қаражатына жөндеп, мемлекет меншігіне өткізіп берген еді.
Лепсі ауылындағы спорт интернаты ауыл мектебінің бір бөлігінде орналасқан. 150 оқушыға арналған мекемеде қазір 165 жасөспірім жаттығады. Бала санының артуына байланысты бейімделген ғимарат тарлық етіп отыр.
Елдос Әбікенов, Лепсі ауылындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:
- Енді біздің осы күрес залымызда еркін күрес екі ауысыммен дайындалады. Грек-рим күресі екі ауысыммен дайындалады. Бір күнде соған кішкене қолайсыздау болып отыр.
Интернаттағы өзекті мәселені шешу үшін теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте спорт кешені салынып жатыр. Ел игілігіне берілгенде балалар қазіргі заманға сай ғимаратта спортпен шұғылданады. Төрт бөліктен тұратын нысан құрылысына 3,6 млрд теңге бөлінген.
Медет Омарханов, мердігер мекеме басшысының бірінші орынбасары:
- 2021 жылы басталды. Қазіргі уақытқа дейін дейін 60-70 проценті бітіп тұр. адам саны 30-40 адам жұмыс істеп жатыр. Монолит жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл монолит жұмысын аяқтаймыз. Келесі жылға 2024 Алла қаласа тапсыруға тырысамыз.
Кешенде жаттығу залдарынан бөлек 244 адамға арналған жатақхана қарастырылған. Сондықтан спортшылар санын арттырып, мекемені республикалық деңгейдегі мектеп-интернат ету көзделіп отыр.
Ұлан Рысқұл, облыстық спорт басқармасының басшысы:
- Республикалық болса бүкіл Қазақстанның ішіндегі спортшылар сол жерде жаттығады. Қазіргі таңда бес спорт түрі болса, сонда 10 спорт түрі болады. Оның ішінде қыстық спорттың дамуына серпін береді.
Жетісу облысында 13 спорт кешені салынып жатыр. Соның жетеуі жыл соңына дейін ашылады. Қалғанын келесі жылы ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев