Азиада-2023: жалпы есепте 12-ші орындамыз. LIVE
Қытайдың Ханджоу қаласында Азия ойындары жалғасып жатыр.
Сайыпқырандарымыз бүгін де ерледі. Қоржынымызға 1 алтын, 2 қола салды. Жарыс күні әлі аяқталған жоқ. Сондықтан әлі де үміттіміз. Дәл қазір әріптесім Аслан Қаженов Ханджоу төрінен тікелей эфирге шығып, соңғы ақпараттармен бөлісуге дайын.
Сергей Емельянов, Азия ойындарының жеңімпазы:
- Өте қуаныштымын. Эмоциямды сөзбен жеткізге алмаймын. Алдыңғы Азия ойындарында күміс медаль еншілеп едім. Бұл жолы алтынға қол создым. Ертең тағы да жарыс жолына шығамыз. Осы жетістікті қайталап, қалың қазақ елін тағы да қуантқым келеді.
Виктория Бутолина, Азия ойындарының қола жүлдегері:
- Іріктеу кезеңіндегі нәтижем көңілімнен шықпады. Бірақ финалда намысқа тырысып, күрделі элементтерді таңдадым. Барлығы ойдағыдай шықты. Мен алғаш рет Азия ойындарына қатысып тұрмын. Сондықтан бұл медальдың орны ерекше. Осы жеңісімді өзімнің туыстарым мен бапкерлеріме арнағым келеді.