Азия ойындары: қоржынымызда 8 алтын бар
Қытайдың Ханчжоу қаласында жылдың басты бәсекесі – Азия ойындары жалғасып жатыр және бүгін ұлттық құрама спортшылары 3 рет көк туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқатты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Атап айтқанда, велоспорттан командалық сында Евгений Федеров мәре сызығын бірінші болып кесті. Күміс жүлде де қазақстандық спортшының еншісінде. Оны Алексей Луценко жеңіп алды. Ізінше джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұған қоса каратэде ел намысын қорғаған Нұрқанат Әжіқанов та алтын жүлде жеңіп алды. Орта салмақтағы жерлесіміз финалда Иордания өкілінен басым түсті.
Жарыс күні әлі аяқталған жоқ. Сәйкесінше алтындар саны арта түсуі мүмкін. Әсіресе бокстан финалға шыққан қазақстандық Карина Ибрагимова мен Қамшыбек Қоңқабаевтан жеңіс күтеміз.