Қазақстан спортшылары Пара Азия ойындарына қатысады
Қазақстандық спортшылар IV Пара Азия ойындарына қатысады.
Айтулы дода Қытайдың Ханчжоу қаласында қазанның 22-сі мен 28-і аралығында өтеді. Оған елімізден 131 спортшы жолдама алды. Бүгін Алматыда Қазақстанның ұлттық құрамасын шығарып салу рәсімі өтті. Айта кетейік, біздің қыз-жігіттер пара Азия ойындарына 2010 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері ел қоржынына 64 медаль салған. Соның 12-сі алтын. Ал осы жолы бәсекеде спорттың 22 түрі бойынша 564 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Олар жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, жүзу, велоспорт, дзюдо, параканоэ, волейболды отырып ойнау, үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату сияқты спорт түрлері бар. Жарысқа 43 мемлекеттен 4 мыңға тарта спортшы қатысады деп көзделіп отыр. Азия чемпионатының жеңімпаздары түгелдей ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Марат Қасқырбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің басқарма басшысы:
- Біздің құрама команда 14 спорт түріне қатысады. Өткен параойындарында біздің команда 9 спорт түрінени қатысты. Биыл тұңғыш рет 5 спорт түрінен қатысып жатыр. Бұл өте жақсы нәтиже деп ойлаймын.
Шәміл Ерғали, парадзюдодан әлем чемпионы:
- 2018 жылы Қазақстанның парадзюдосының ең алғашқы қатысқан параойындарының бірі болатын. Жалпы есепте екінші, үшінші орын алған жігіттеріміз болды. Бұл жолы одан да жоғары көрсеткіш көрсетеміз деген ойдамыз. Өйткені қазір командамыз толық. Қазір жігіттердің де дайындығы өте жақсы. Өздеріңіз білетіндей осының алдында өткен әлем ойындарында біздің команда командалық есепте бірінші орын алған.