Каратэшілеріміз 3 медаль жеңіп алды
Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Риад қаласында Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жарыстың кезекті күні жапон жекпе-жегінен медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Байрақты бәсекеге 5 спортшымыз қатысқан. Оның 3-еуі жеңіс тұғырына көтерілді. Өкініштісі сол, ұлттық команда қоржынында алтын жоқ. Қос спортшымыз финалға шығып, ақтық сында есе жіберді. Атап айтқанда, ауыр салмақтағы Дидар Анарбеков соңғы кездесуде жергілікті Санад Суфианиден жеңілді. Ал әйелдер арасындағы сында 55 келідегі Бэлла Самашева да күміс жүлдегер атанды. Бұған қоса 68 келде ел намысын қорғаған Нурия Тізімбай үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге қол созды.
Айта кетейік, Қазақстан делегациясы осыған дейін Бейжің және Санкт-Петербор қалаларында өткен жауынгерлік өнер ойындарында WKF каратэден медаль алмаған еді.