«Шахмат керуені» Оралға жетті
Адамның логикасын дамытып, ойлау қабілетін қалыптастыруда шахматтың алар орыны ерекше.
Осы ойын түрін насихаттауды мақсат тұтқан арнайы жоба Орал қаласына да жетті. Екі ай ішінде «Шахмат керуені» еліміздің 15 өңірінде болды. Мереке күні Оралдың орталық алаңында тігілген мобильді киіз үйде 10 әуесқой шахматшы гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансына қатысты. Бұдан соң алдын-ала іріктеуден өткен 20 шахматшы швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блиц-турнирде бақ сынады. Алғашқы үштіктен табылғандар Түркістан қаласында 10 қараша күні өтетін гранд-финалға қатысады.
Олег Рябченко, жобаны ұйымдастырушы:
- Бүгінгі турнирге тек қана әуесқойлар қатыса алады. Рейтингі 2000 балдан аспау керек деген шектеу бар. Мақсатымыз шахматты дәріптеу. Бұл үлкен жоба. Әлемдік аренада қазақ шахматшыларының жетістіктері орасан. Енді осы ойынды жалпыхалықтық деңгейге жеткізсек дейміз. Аймақтарға сапар барысында жергілікті филиалдар ашып, президенттерін тағайындап жатырмыз.