Алматы облысында Республика күніне орай аламан бәйге өтті
Алматы облысында Республика күні тұлпарлар жарысқан ұлы аламан өтті.
100 шақырымдық ат жарысы Қопа ауылында ұйымдастырылды. Мерекеде ауыл тұрғындары ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Сонымен бірге өңірдің дамуына үлес қосқан жандар марапатталды.
Алмас Садуақас, тілші:
«Республика күні мерекесін атап өтуге Жамбыл ауданы мен көршілес жатқан Жамбыл облысының тұрғындары жиналды. Бәйгені тамашалауға келген ағайынның көңілі шат. Қазақтың киіз үйлерінде берекелі дастархан жайылды».
Қойнауы құтты Қопа жазығындағы тойға жас кәрінің бәрі асығып жеткен. Күздің мизам шуағында күн райы да жүз шақырымдық аламан бәйге өткізуге қолайлы болды. Оның алдында жігіттер жағы ұлттық спорт ойындарында бақ сынасты. Қазақ күресінен өткен белдесулер аса тартысты өрбіді. Қол күрес, арқан тартыс пен кір тасын көтерген азаматтар өзара мықтыны анықтады.
Ақниет Тұрысбекұлы, Жамбыл ауданы әкімінің м.а:
«Қазақ атамыз айтқандай «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші ең мықты аттар сынаққа түсіп отыр. Бұл бәйгені дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз.Осы жердегі елдің көңіл күйі көтеріліп, бұрынғы ат спортын қайтадан қолға алып. Жалпы ауданымызда ат спорты жақыс дамыған».
Аламан бәйге Қаншеңгел ауылынан басталды. Жүз шақырымдық қашықтықты топ бастаған үш тұлпар үш сағаттан астам уақытта шауып өтті. Ал Дегерес ауылынан Мәулет Озатовтың «Білезік» атты жүйрігі топтан озып, бірінші келді.
Мәулет Озатов, шабандоз:
«Менікі ұшқырлау ат. Мазасыз. Таластырып, кішкене алдыға отыруға тура келді. Сол күйі шығып, келдік алланың қалауымен».
Әділбек Мақсұтов, Дегерес ауылының тұрғыны:
«Бүгін мына жерде дүбірлі той болып жатқаннан кейін мейрам. Мейрам құтты болсын. Осындай мейрамға жеткізе берсін. Осы қазақтың салт дәстүрі. Осыны жалғастырып жатқан елге , азаматтарға халыққа рахмет».
Тұлпарлар жарысқан аламанда он орынға дейін жүлде тігілді. Бас жүлдеге 2 млн теңге берілді. Жалпы мерекелік шараға белсенді қатысқандардың бәрі сыйлықсыз қайтқан жоқ. Ауылда алғаш өткен осындай ауқымды мереке соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.
А.Садуақас, А.Дүйсембаев, А.Жөнкешов