Ақмола облысында бүркітшілердің халықаралық жарысы өтіп жатыр

Ақмола облысында дәстүрлі «Қансонар» халықаралық бүркітшілер жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрақты бәсекеге еліміздің құсбегілерінен бөлек, Түркия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекетінен 60-тан астам қатысушы жиналған. Биыл тартысты дода өңірде осымен 23-ші рет ұйымдастырылып отыр. 

Ақмолалық құсбегі Руслан Тумурзин ішкі істер саласында қызмет етеді. Жұмыстан бос уақытында саятшылықпен айналысады. 2018 жылы осы халықаралық жарыста топ жарып, бас жүлдені қанжығалаған. Міне, биыл да сол нәтижесін қайталауды көздеп отыр.

Руслан Тумурзин, құсбегі:

- 2016 жылдан бастап құспен айналысып келемін. Осы чемпионаттарға қатысып, Мәсіп Батырханұлы атамыздың жарысына жыл сайын қатысуға тырысамын. Әрбір адам ұстай бермейді ғой құсты. Оның бабын түсіну керек.

Дәстүрлі турнир соңғы 5 жылда халықаралық дәрежеде өтіп жатыр. Яғни, отандық құсбегілерден бөлек, көрші мемлекеттен қатысушылар келіп, жарыстың көрігін қыздырған.

Әзен Шәймерден, құсбегі:

- Мұның енді ерекшеліктері өте көп. Мұны ұстаған адам ғана жақсылығын, ерекшелігін біледі. Ұстамаған адам құсбегілікті біле қоймайды. Қиыншылығы да, жақсы жері де бар. Рухани жағынан көтеріп, көңілді жүру жағынан өте жақсы себі тиеді ғой. Аспандағы құсты қолға үйретіп, оны аңға салу да оңай шаруа емес.

Тартысты дода 2 күнге жалғасады. Сайыстың алғашқы күні бүркітшілер өзара мықтыны анықтаса, келесі күні жасөспірімдер қаршыға мен ителгілерін   жарыс жолына қосады.

Айталық, соңғы жылдары жарыстың ауқымы айтарлықтай кеңейіп, қатысушылар саны артқан.

Шынарбек Батырханов, «Қансонар» облыстық федерациясының президенті:

- Бірінші турнирлерді өткізгенде 20 жыл бұрын 20-25 қана қатысушы болатын. Бүгін, міне, 10 аймақтан 63 мықты-мықты қатысушы ақсақалдар келіп жатыр. Біздің міндетіміз, осы ата-бабамыздан келе жатқан бүркітшілікті дамуы үшін жандарына өздерінің жасөспірімдерін ертіп келеді.

Дәстүрлі доданың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпаз атанған адамға жарты миллион теңге табысталады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.