Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары жалғасып жатыр
Жалпы есепте бірінші орындамыз.
Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Риад қаласында Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні армрестлинг бойынша бәсекелер өтті. Бұл сында қазақ қыз-жігіттері 18 медаль жеңіп алды. Оның 7-еуі алтын. Әсіресе, Ердәулет Сабырай, Нұрдәудет Айдархан, Медет Құттымұратов, Талғат Ақтаев және Есболат Қаржау қарсылас шақ келтірмеді. Әйелдер арасында әйгерім Қараманова, ал, пара армрестлинг бойынша Нышанәлы Сәнім чемпион атанды. Бұдан бөлек, ұлттық команда қоржынында 3 күміс пен 8 қола бар. Соның арқасында жалпы есепте бірінші орынға тұрақтадық. Екінші орынға 5 алтын жеңіп алған Украина жайғасты. Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының аяқталуына бірер күн қалды. Қазақстандық спортшылар әлемдік аламан аясында бас-аяғы 16 спорт түрінен бақ сынайды.
Нышанәлы Сәнім, Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының чемпионы
Раушан Жаналиева, Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының күміс жүлдегері
Жас боксшылар әлем чемпиондарымен кездесті
Жас боксшылар әлем чемпиондарымен кездесті. Елордадағы №3 олимпиадалық резерв мектебінде ерекше форматтағы жаттығу өтті. Бұл жолы оларға Махмұд Сабырған, Қамшыбек Қоңқабаев, Айбек Оралбай және Нұрбек Оралбай сияқты ұлттық құраманың үздіктері келіп, шеберлік сағатын өткізді. Сұрақтарына жауап берді. Суретке түсіп, қолтаңба қалдырды. Бұндай үлгідегі кезедесу өсекелең толқын үшін керемет мотивация. Бұған қоса, олардың бапкерлері мен ата-аналары үшін де аса маңызды дейді спорт мектебінің басшысы Мақсат Аманғазыұлы. Сондықтан, алдағы уақытта оны тұрақты ұйымдастыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, бокстан ұлттық команда өкілдері жуырда ғана Қытайдың Ханджоу қаласына өткен Азия ойыднарынан оралды.
Қоржынымызда 19 медаль. Оның 5-еуі алтын. Дәл қазір Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында ату спорттарынан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Айта кету керек, байрақты бәсеке лицензиялық болып есептеледі. Яғни Париж олимпиадасының 24 жолдамасы сарапқа салынады. Міне, осы құрлықтық додада жерлестеріміз 19 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп үлгерді. Әсіресе 10 метрдегі нысананы көздеуде Зухра Ирназарова алтын, ал Александра Садуакасова қола жүлде жеңіп алды. Ерлер арасында Асадбек Назірқұлов ең үздік нәтижені тіркеп, Азия чемпионы атанды. Командалық сында Қазақстаннның ерлер командасы күміс жүлдеге қол созды. Бұл сында жоғарыда аты аталған Асадбек Назірқұлов және Андрей Худяков пен Илья Зотеев ел намысын қорғады. Чангвон қаласындағы Азия чемпионаты 2 қарашаға дейін жалғасады. Сәйкесінше қоржындағы медаль саны артуы мүмкін. Өйткені еліміз атынан бұл сынға 80 спортшы аттанды. Ал жалпы қатысушылардың саны 800-ден асады.