«Шахмат керуені» Ақтауда жалғасты

Еліміздің 17 өңірін аралаған «Шахмат керуені» Ақтауда жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Каспий жағалауында ақыл-ой спортынан жартылай финал ойындары өтіп жатыр. Бүгінгі сайыста бақ сынаған маңғыстаулықтар «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы», «Қыздар арасындағы үздік нәтиже» және «50 жастан асқан ардагер қатысушы» аталымы бойынша ақшалай сыйлыққа ие болады. Сонымен қатар шахматтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эдгар Мамедовпен бір мезеттік ойынға қатысады.

Мұрат Омаров, жарысқа қатысушы:

- Ақтау кішкене қала болғандықтан, барлық шахматшы бір-бірімізді өзара танимыз. Бір-біріміздің деңгейлерімізді білеміз жалпы. Арамыздағы, менің ойымша, ең спорт шеберіне үміткер жалғыз мен ғана. Қалғандары – әуесқой. Спорт жарысы болғандықтан, бірінші орын алуға тырысамын.

Олег Рябченко, Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі:

- Бұл жоба шахмат спортын көпшілікке насихаттауды көздейді. «Шахмат керуені» 2 айдың ішінде 14 мың шақырым жер жүріп өтті. Мұндай шара ел тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.