Қазақстандық сұрмергендер екі лицензия ұтып алды
2 лицензия және 33 медаль. Қазақстандық сұрмергендер үшін Азия чемпионаты осындай нәтижемен аяқталды.
Байрақты бәсекені Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласы қабылдаған болатын. Оған 30 елден 800-ден аса қатысушы жиналды. Араларынан жерлестеріміз 33 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Оның 8-інде чемпион атанып, әнұранымыз шырқалды. Бұған қоса, 11 күміс пен 14 қоламыз бар. Жүлденің басым бөлігін жабық кешенденысана көздеу шеберлері әкелді. Бұған қоса, стенд ату өкілдері де кезекті рет өз мықтылығын дәлелдеді. Құрлықтық дода аясында Париж олимпиадасының 24 жолдамасы сарапқа салынған болатын. Оның екеуі ұлттық команда мүшелеріне бұйырды. Атап айтқанда, әйелдер арасында Арина Алтухова, ал ерлер арасында Константин Малиновский лицензия жеңіп алды. Олар жарыс қорытындысы бойынша жалпы есепте 5-сатыға тұрақтады. Осылайша сұрмергендер қоржынындағы жолдама саны үшеуге жетті. Яғни бұған дейін Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық Ислам Сәтпаев та осындай мүмкіндікке ие болған еді.
Жасөспірімдердің республикалық турнирі
Ел үздіктері Түркістанға жиналды. Бұнда қала әкімінің жүлдесіне арналған республикалық турнир өтіп жатыр. Жасқспірімдер арасындағы жарысқа 8 өңірдің командасы жиналды. Олар 3 жас деңгейі бойынша өзара мқытыны анықтайды. Турнирдің өзі 3 күнге жалғасады. Алғашқы күні іріктеу кезеңі ұйымадстырылып, жергілікті «Тұран» командасы Жезқазғаннан келген «Ұлытау» ойыншыларын айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 5:0. Ал шымкенттік аяқдоп шеберлері ақтөбелік қарысластарына дәл осындай есеппен жол берді. Сонымен қатар түркістандық тағы бір команда «Эль Классико» елордалық өрендерден 3:2 есебімен басым түсті. Сондай-ақ кентаулық команда 6:1 нәтижесімен тараздықтарды ұтып кетті. Республикалық турнирдің жеңімпаздары 4 қарашада белгілі болады.
Қазақ балуаны үздіктер қатарынан табылды
Сұлтан Әсетұлы "үздік балуан" атанды. Біріккен күрес әлемі ұйымы өткен айдағы көрсеткіштерді қорытындылап, осындай тоқтамға келді. Қазақстандық Сұлтан Әсетұлы биыл жастар арасында әлем чемпионы болды. Байрақты бәсекені Албания астанасы Тирана қаласында қабылдаған еді. 67 келіге дейінгілер арасында өнер көрсеткен Сұлтан барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал финалда түркиялық Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен жеңді. Осы арқылы ұлттық командамызға тарихи жеңіс әкелді. Яғни қазақстандық спортшы алғаш рет грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгілер арасында топ жарып отыр. Біріккен күрес әлемі ұйымының ұйғарымы бойынша әйелдер арасында бұндай құрмет америкалық Эмит Элорға бұйырды. Ол да дүниежүзілік додада чемпион атанған болатын. Эмит 72 келіге дейінгілер арасында бақ сынады.