Теннис: Қазақстан мен Аустралия кездеседі
Испанияның Севилья қаласында теннистен әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты «Билли Джинг Кинг Кубогы» басталды.
Финалдық кезеңге 12 команда жолдама алды. Олар 4 топқа бөлінген.
Қазақстан алғашқы кездесуін Аустралия қыздарына қарсы өткізеді. Айта кету керек, кейінгісі былтыр әлем чемпионатының финалына шықты. Қазір дүниежүзілік рейтингтің 2-ші сатысында тұр. Ал жерлестеріміз 7-ші орында. Соған қарамастан табанды қарсылық танытып, жеңісті жұлып алуға тырысамыз, - дейді ұлттық команда өкілдері. Байрақты бәсекеде Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилина сиқяты тәжірибелі теннисшілер ел намысын қорғайды. Бұған қоса командаға Жібек Құламбаева мен Аружан Сағындықова сияқты жас спортшылар да алынды. Олар бірнеше күн бұрын жарыс өтетін жерге жетті және дәл қазір дайындықты пысықтап жатыр. Біздің топта Аустралиядан бөлек, Словния құрамасы да бар.
Ярослава Шведова, теннистен ұлттық команданың капитаны:
- Біздің қыздардың көрсеткіштері жоғары. Әлемдік рейтингте үздіктер қатарында тұр. Бірақ бұл командалық ойын екенін ұмытпау керек. Яғни, бір адамның шеберлігі емес, бүкіл команданың үйлесімді ойыны шешуші рөлді атқарады. Сондықтан қыздарға сәттілік тілеймін. Қалай да жеңіске жетулері керек.