Талдықорғанда дзюдодан ашық республикалық турнир өтіп жатыр

Ел үздіктері Жетісуға жиналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талдықорған қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Берік Жетпісбаевтің жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир өтіп жатыр. Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 550-ден аса дзюдошы келді. Жасөспірімдер арасындағы бәсекеде 2007 және 2009 жылдары дүниеге келген ұл-қыздар бағын сынайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ынталандыру мақсатында демеушілер әзірлеген қаржылай сыйақы бар. Бұған қоса байрақты бәсеке ішкі біріншілікке іріктеу саналады. Яғни, жеңіске жеткендер алдағы Қазақстан чемпионатына қатыса алады. Оны 2024 жылдың ақпан айында Түркістан облысы қабылдайды деп жоспарланып отыр. Талдықорған қаласындағы турнирдің алғашқы күнінде жас спортшыларымыз 8 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады.

Ерлан Тажиков, жарыстың бас төрешісі:

- Жақсы балалар келіпті ұлдар, қыздар осы Қазақстанда орын алып жүрген призерлар. Алдымызда келесі жылы Қазақстан чемпионаты болады. Соған балаларды дайындап, алдын-ала осы жерден көріп алады. 11 облыстан 550-ге жуық адам келіп қатысып отыр енді. Бұйырса, енді алдымызда болып жатқан жарыстарда әлем чемпионы болсын деп, Олимпиада чемпионы болсын деп, осындай үлкен жарыстардан шығады да көп балалар.