Түркістан облысында Қажымұқан атындағы спорт кешенінің құрылысы жанданады

Көзінің тірісінде аты аңызға айналған, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған спорт кешенінің құрылысы қайта жанданды.

2020 жылы даңқты палуанның 150 жылдығына орай Түркістан облысының Ордабасы ауданында мемориалдық кешеннің іргетасы қаланып, көп ұзамай тоқтап қалған еді.

Темірлан – жауырыны жерге тимеген палуан өмірінің соңғы жылдары өткен, жаны мәңгілікке тыныштық тапқан жер. Мемориалдық спорт кешені осындағы Қажымұқан ауылынан бой көтеріп келеді. Нысан 2021 жылы батырдың 150 жылдық мерейтойына орай тапсырылуы тиіс еді. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты құрылысы тоқтап қалды. 

Есбек Мұңсызбайұлы, Қажымұқан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Қазақ елін бүкіл әлемге танытқан батыр бабамыздың спорт кешенінің тоқтап тұруы - бүкіл халықты толғандырып отырған жағдайы бар. Сондықтан осы спорт кешені құрылысының ары қарай жүргізілуін мемлекет және үкімет басшылары қолға алады ғой деген ұсыныспен келіп отырмыз.

Биыл Ұлттық экономика министрлігі жобаға бірқатар өзгеріс енгізіп, қаржы бөлді. Құрылыстың қайта басталғаны ауыл тұрғындарына үміт сыйлады.

Әділхан Дүйсенбек, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

- Осы құрылыстың басталғанына ауыл тұрғындары өте қуанып жатыр. Өзіміздің Ордабасы ауданынан да Қажымұқан бабамыздың әруағы қолдап, халықаралық дәрежедегі, республикалық дәрежедегі спортшылар шығады деген үміттеміз. Осы спорт кешені бітсе, жастар спортқа бет бұрып, қазір ауданымыздан да жақсы спортшылар шығып жатыр.

Спорт кешенінің аумағы 5 гектар. Онда үш нысан салынады. Қазір қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Олжас Болатханұлы, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл кешенде қонақ үй, көрме, мұражай және спортшыларға арналған күрестін залы бар, барлығы қамтылған үлкен кешен болады. Жоба құны – 1,5 млрд теңге, конкурстық құны 1 млрд 385 млн теңге. Биылға қаралған қаржысы 629 млн теңге, қалғаны келесі жылға өтпелі.

Мамандар батыр бабамыздың атындағы спорт кешені келер жылдың соңында ел игілігіне берілетінін айтады. Жалпы Ордабасы заманауи спорт ғимараты болмағанымен спортшысы көп аудан. Ауыл тұрғындары жаңа спорт кешені қолданысқа берілгенде бұл ауылдан да әлемді бағындыратын талай саңлақ спортшылар шығатынына сенеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш