Әсем Орынбай әлем кубогында топ жарды
Қатар астанасы Доха қаласында сұрмергендер сайысы өтіп жатыр.
Нысана көздеу шеберлерінің бәсекесіне 42 елден 200-ден аса спортшы шақырту алды. Оның ішінде 3 бірдей жерлесіміз бар. Яғни, Никита Чирюкин, Валерий Рахим және Әсем Орынбай ел намысын қорғауда. Әсіресе, соңғысы өте сәтті өнер көрсетіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Әсем стенд атудың скит бағытында жарысқа араласты.
Айта кету керек, іріктеу кезеңінде 116 ұпай жинап, 6-сатыға тұрақтаған болатын. Ал финалда ең үздік нәтижені тіркеді.
Екінші орында италиялық Кьяра Ди Марциантонио болса, америкалық Дания Джо Вицциге үздік үштікті түйіндеді.
Еске сала кетейік, алматылық Әсем Орынбай қазір әлемдік рейтингтің 7-сатысында тұр. Дохадағы әлем кубогы 27 қарашаға дейін жалғасады. Сәйкесінше, ұлттық команда қоржынындағы медальдан саны әлі де артуы мүмкін.