Әлем чемпионаты. 6 боксшымыз жартылай финалда
Армения астанасы Ереван қаласында бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр.
Күні кеше жартылай финалға шыққан барлық қатысушы анықталды. Әсіресе, 48 келіде қазақстандық Нығмет Нығман тәжікстандық Мансурхуджа Муминовпен жолығып, 3:2 есебімен жеңді.
Ал қыздар арасында 52 келдіегі Айша Сариева мексикалық Паоло Хиль Каррераны айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 4:0.
Бұған дейін Нұрасыл Төлебек, Гаухар Зарден, Сила Биболсынқызы және Аяжан Сыдық сияқты жерлестеріміз жарысты жалғастыруға мүмкіндік алғанын айттық. Яғни, ұлттық команда қоржынында кемі 6 медаль бар. Ал енді оның қаншасы алтын екенін алдағы күндері білеміз.
Жуырда ғана елордада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаев кеңейтілген отырыс өткізді және оның барысында аталған әлем чемпионатындағы нәтиже көңіл көншітпейтінін алға тартты. Сәйкесінше, құзырлы федерация мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Ереван қаласындағы дүниежүзілік дода 4 желтоқсанға дейін жалғасады.