Қоржынымызда шорт-тректен қос қола бар

Нидерландының Леуварден қаласында шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогы аяқталды.

Қазақстандық спортшылар екі мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Ұлдар арасындағы бәсекеде қазақстандық Дінмұхамед-Алдияр Тәжібай жүлдеге қол созды. Ол 1 000 метрдік бәсекеде үздік үштікке ілігіп, қола жүлдегер атанды. Бірінші орынды оңтүістік кореялық Хан Бен-Чан, ал екінші орынды нидерландылық Басвандер Валку иеленді. Бұған қоса, қазақстандық қыздар командалық сында жақсы нәтиже тіркеді. Олар 3 мың метрлік эстафетаға қатысқан болатын. Алина Әжғалиева, Зейнеп Құмархан, Анастасия Астраханцева, Гүлдана Жалмұхан және Полина Омельчук бестігі жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынға тұрақтады. Бас жүлде Оңтүістік Кореяның командасына бұйырды. Ал алаң иелері, яғни нидерландылық қыздар күміс жүлдегер атанды.