Талдықорғанда жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр
Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында дзюдодан 2007-2008 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр.
Ол алдағы Тәуелсіздік күніне және Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мұқанғали Бекмұханбетовты еске алуға арналды. Бұл жолғы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 300-ге жуық ұл-қыз қатысып, бақ сынап көрді.
Осыдан бір ай бұрын Жетісу төрі – Талдықорғанда төселген татамиде жергілікті көрермендер Алматы қаласының балуаны Семен Сухоруковтың өнеріне тәнті болған еді. Алатау баурайындағы алып шаҺардың намысын қорғап жүрген жас балуан бұл жолы да 60 келіде қарсылас шақ келтірмеді. Жоғары салмақтың жеңімпаздары 6 желтоқсан күні анықталады. Ақпан айының 23 мен 28-і аралығында Түркістанда дзюдодан ел біріншілігі өтетінін естеріңізге сала кетейік. Құрама команда мүшелері сол жарыста іріктеледі.
Семен Сухоруков, турнир жеңімпазы:
- Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Спортшылардың дайындығы өте жақсы. Ақтық сында алматылық жерлесіммен белдесіп, ұттым. Дзюдомен 9 жылдан бері айналысып келемін. Болашақта бұдан да үлкен жарыстарда топ жарамын деген үміттемін.
Мұхсин Нұртазин, ҚР Дзюдо федерациясының төрешілік жөніндегі директоры:
- Жас балалар қазір жақсы дзюдо көрсетіп жатыр. Кешеден бері бақылап отырмыз. Сондықтан осы балалар біздің дзюдоны көрсетеді деп ойлаймын. Бұлар енді қазір көбінесе дайындалып жатқаны – алда Қазақстан чемпионаты болады осы жасөспірімдерге. Көбінесе соған дайындық. Сонда жүлделі болғандар құрама командаға кіреді де, Әлем, Азия біріншіліктеріне қатысады.