Астанада коньки жарысынан ашық чемпионат өтті
5 аймақтың өрендері Астанада бас қосты.
Бұнда коньки жарысынан балалар мен жасөспірімдер арасындағы ашық қалалық чемпионат өтті. Айта кету керек, жас конькишілер бәсекесі осымен 2-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып тұр. Оған жергілікті спортшылардан бөлек, Алматы, Қостанай, Хромтау және Петропавл қалаларының ұл-қыздары арнайы келді. Бас-аяғы 120-ға жуық өрен 3 күн бойы коньки жарысының бірнеше бағыты бойынша өзара мықтыны анықтады.
Бұған қоса, жүлдені сарапқа салғанда қатысушылардың жас деңгейі де ескерілді. Яғни ең кішісі – 8 жаста болса, ең егдесі – 13 жаста. «Бұндай бәсекелер балалардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстыруға көмектеседі», - дейді мамандар. Яғни, болашақ чемпиондарды қазірден тәрбиелеуге жол ашады. Сондықтан, оны жыл сайын тұрақты өткізу жоспарланып отыр және алдағы уақытта ауқымы мен форматын кеңейту де ойда бар.