Дычко жаттығуды жандандырды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко дәл қазір АҚШ-тың Эмбридж қаласында кешенді дайындыққа кірісті.
Ол талай әлем үздігін шығарған атақты бапкер Томас Янкеллоның залында шеберлік шыңдап жатыр. Жерлесіміз желтоқсан айында келесі жекпе-жегін өткізеді деген ақпарат бар. Бірақ оны әзірге өзі ресми растамады. Ол соңғы рет биыл маусым айында жұдырықтасқан болатын.
Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында жергілікті Ариэль Эстебан Бракамонтемен жолығып, 2-ші раунда қарсыласын нокаутпен ұтты. Осының арқасында аса ауыр салмақтағы аралық чемпиондық белдігін жеңіп алды. Ол қазір WBA рейтингінде 10-шы орында тұр. Айта кетейік, Иван Дычко кәсіпқой боксқа 2017 жылы ауысты. Содан бері 13 кездесу өткізіп, 13-інде де жеңіске жетті. Тіпті, 12-сін уақытынан бұрын аяқтады.