Талдықорғанда жүзу түрлерінен Қазақстан кубогы ұйымдастырылды

Ел үздіктері Жетісуға жиналды.

Талдықорған қаласында жүзу түрлерінен жылдың қорытынды жарысы Қазақстан кубогы ұйымдастырылды. Оған бас-аяғы 16 команда қатысты. Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде 3 бірдей рекорд тіркелді. Атап айтқанда, Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Әділбек Мусин мен жуырда ғана Қазақстан паспортын алған ресейлік спортшы Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ең үздік уақытты көрсетті.

Ал 200 метрге еркін стильмен жүзуде Ксения Игнатова да ел рекордына түзету енгізді. Жарыстың үшінші күнінде ұзақ қашықтыққа жүзуге шыққан Әділбек Мусиннің тағы бір рекордты жаңартуына екі секунд жетпей қалды. Қазақстан кубогы биылғы жылдың соңғы жарысы саналады. Спортшыларымыз енді алдағы жылдың ақпан айында Катарда өтетін әлем чемпионатына дайындалады.