Президентпен теннис ойнаған оқушы

Ақтөбеде үстел теннисіне қызығатын жастар көп. Қаладағы ең үлкен орталыққа апта ішінде 100-ге жуық өтініш түскен.

Ал Мемлекет басшысымен теннис ойнаған Нәби Қисан кезекті жарысқа дайындалып жатыр.

Қазақстанның екі дүркін чемпионы Президентпен кездесу ұмытылмас сәт болғанын мақтан тұтады. Спортты серік еткен оқушы білім саласында да жетістікке жетіп жүр.

Нәби Қисан үстел теннисіне 5 жыл бұрын ден қойған. Бұл спорт түріне інісі Расул тартқан. Қазір екеуі аптасына үш рет теннис орталығында жаттығады. Ал Президентпен ойнау тосын жағдай болған. Себебі мемлекет басшысының Ақтөбеге сапары барысында орталыққа келетінін ойыншылар түгілі, спорт мектебінің басшылары да кеш білген.

Нәби Қисан, оқушы:

- Президент келгенде қобалжу болды. Өте керемет әсер болды. Бұл кездесу ініміз екеуіміз үшін тарихи сәт болып қалды. Біз бұған разымыз. Менде Президент мырза сияқты ойнағым келеді. Шеберлігіне жеткім келеді.

13 жасар жас спортшы бұған дейін еліміздің төрт қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. Облыстың бірнеше дүркін чемпионы. Жас болса да спорт шеберіне үміткер. Қазір өзі жаттығатын теннис орталығында 260-тан астам бала шұғылданады. Президенттің мұнда келуі бұл ойынға қызығушылардың санын арттырған.

Әсет Сағымбаев, "Ақтөбе" үстел теннисі орталығы" ОБЖСМ директоры:

- Қасым-Жомарт Кемелұлының сапарынан кейін телефонға маза болған жоқ. Ата-аналар хабарласып, балаларын осы спорт түріне беретінін айтып жатыр. Қазір 100-ден астам өтініш түсті. Ал Президенттің қалдырған қолтаңбасын енді арнайы қорапқа салып қоямыз. Ол үстел теннисі федерациясын 13 жыл бойы басқарып, дамуына зор үлес қосты. Бұл спорт түріне қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.

Болашағынан мол үміт күттірер Нәби Қисан мектепте озат. Ұстаздарының мақтанышы. 

Тұрсынай Самбаева, сынып жетекшісі:

- Нәбиді өте мақтай аламын, өте жақсы оқушым, шәкіртім. Оқушылармен де тіл табысуы, қарым-қатынасы өте жақсы оқушы. Ұнататын пәндері де бар. Спорттан басқа ағылшын тілін, орыс тілін ұнатады. Сосын тарихқа өте қабілеті жоғары.

Оқу мен спортты қатар алып жүрген жастар өңірде аз емес. Сабақтан бос уақытта теннисті серік еткен балалар саны облыс аумағында 2  400-ге жетеді. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, «24.KZ», Ақтөбе облысы.