Елордада арбамен билеуден чемпионат өтті
Елордада арбамен билеуден Астана қаласының ашық чемпионаты өтті.
Жарыс халықаралық дәрежедегі спорт шебері Малика Мұқтарованы еске алуға арналды. Ол көптеген ірі сайыстарда ел намысын қорғап, көк байрағымызды әлем елдерінде желбіреткен еді. Параспортшы биыл мамыр айында өмірден озды. Еске алуға арналған жарыс Астана қаласының спорттық би федерациясының ұйымдастыруымен өтті. Бұл чемпионатқа тірек-қимыл аппараты зақымдалған парабишілер қатысты. Басты талап жастары 21-ден аспауы тиіс.
Даяна Елубаева, Астана қаласы мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің баспасөз хатшысы:
- Арбамен билеуге арналған жарысқа 50-ге жуық спортшы қатысты. Олардың барлығы тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар болып табылады. Астана қаласы, Алматы қаласы, Қарағанды және Ақкөл аймақтарынан спортшылары жиналды, сайысқа түсіп жатыр.