Қарағандыда бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр
Халықаралық турнир мәресіне жетуі жақын.
Қарағанды қаласында бокстан елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған жарыс жалғасып жатыр. Осымен 39-шы рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Куба, Марокко, Ресей, Түркия, Ирак және Өзбекстанның өкілдері арнайы келді. Бұған қоса өзіміздің қыз-жігіттер де бар. Бас-аяғы 19 салмақта үздіктер анықталады.
Күні кеше жартылай финалдық сындар өтіп, бас жүлдені сарапқа салатын жұптар жасақталды. Әсіресе әйелдер арасында Назым Қызайбай, Римма Волосенко, Наталья Богданова және Валентина Хальзова сияқты ұлттық командамыздың өкілдері ақтық сынға жолдама алды. Ерлер арасында жеңіл салмақата Теміртас Жүсіпов, орта салмақатарда Оразбек Асылқұлов пен Талғат Сырымбет, ал ауыр салмақта Сағындық Тоғамбай сияқты танымал боксшылар алтынға қол созып көреді.
Бұған қоса Ғалым Жарылғапов атындағы турнирде жаңа есімдер де шығып жатыр. Қарағандыдағы дүбірлі дода – еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген талантты боксшылардың қарымын байқап, әлемдік аламандарға шығаруға жақсы мүмкіндік, - дейді мамандар.