Әлем үздіктері Самарқандқа жиналды

Көрші елде шахматтан дүнижүзілік дода басталды.

Оған 300-ден аса қатысушы келді және араларында ұлттық команда өкілдері де бар.

Біздің қыздар бұнда басты фавориттердің бірі саналады. Бұған қоса, Қазақстанның ерлер құрамасы да кейінгі кезде тәуір өнер көрсетіп, күтпеген нәтижелер тіркеп жүр. Ал енді айтулы аламанның барысы қалай және отандық спортқа қатысты басқа да қандай жаңалықтар бар?

Шахматтан әлем чемпионаты

Бибісара 3 дүркін әлем чемпионы бола ма? Қазір қазақстандық шахмат жанкүйерлерін осы сұрақ алаңдатады. Өйткені, бұл күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсеке зияткерлік ойынның рапид және блиц бағыттарында болады. Айта кетейік, ұлттық құрама үздігі Бибісара Асаубаева дәл осы блитц түрінде 2 рет әлем чемпионы атанған еді. Ал дүниежүзілік доданың ең алғашқы күні рапид бойынша бәсекелер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, әйелдер арасында қазақстандық гроссмейстерлерден ең көп ұпайды Меруерт Қамалиденова жинады. Оның еншісінде 3 жеңіс бар. Одан кейін Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева және Алуа Нұрмановалар тұр. Олардың ұпай көрсеткіштері бірдей. Ерлер арасында қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен көш басына шықты. Қазақ шахматшыларынан ең жоғарғы орынға Денис Махнев жайғасты. Одан соң 3 кездесуде қарсыластан басым түскен Арыстан Исанжұлов пен Ернұр Амангелді келе жатыр. Рапид бойынша бәсекелер бүгін және ертең де жалғасын табады. Одан кейін блитц ойындары басталады және ол 30-шы желтоқсанда мәресіне жетеді. Әлемдік аламанның жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ-долларын құрайды.

Рекордтық деңгейдегі табыс 

Жәнібек пен Крис кездессе, рекордтық деңгейдегі табыс табады. Бұл жөнінде танымал британиялық шолушы Бен Смит Vesti.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді. Ол қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен британиялық Крис Юбинк арасындағы кездесуді Ұлыбританияда өткізуді ұсынды. Өйткені, Кәрі құрлықта оған қызығушылық жоғары болады. Сәйкесінше, тараптар үлкен көлемдегі сыйақы алады. Әсіресе Әлімханұлы бұған дейінгі табысынан әлдеқайда жоғары сомаға қол жеткізеді деді Бен Смит. Бірақ бұл кездесуді ұйымдастыру біз ойлағандай оңай болмай тұр. Жәнібектік тарапы бірер күн бұрын айқасқа дайын екенін мәлімедеді. Ал Крис Юбинк менеджерлері қазір басқа боксышымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Тіпті Бүкіләлемдік бокс ұйымы Жәнібек пен Кристі жолықтыру үшін, британиялық боксшыны рейтингте көтеріп, бірінші орынға жайғастырды. Ал чемпиондық белдік Жәнібектің еншісінде. Айта кетейік, Жәнібек бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет биыл қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Қазір ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.

Р. Оразов «Коперден» кетеді

Оразов «Коперден» кетеді. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов словениялық командада өнер көрсетпейді. Тараптар арасындағы келісімшарт мезгілінен бұрын бұзылатын болды. Негізгі себеп – Рамазанның соңғы ойындары «Копер» басшылығының көңілінен шықпауы делінген спорт порталдары таратып жатқан ақпаратта. 25 жастағы қазақ футболшысы өткен 4 айда 12 матчқа қатысып, 1 гол соқты. Қазан айының соңына дейін тұрақты алаңға шығып жүрді. Бірақ матчтың аяғына дейін ойнамайтын. Ал қараша айында алаңға шығуы сирей бастады. Тіпті 3 матчта мүлде жасыл алаңға шығатындар тізіміне ілікпеді. «Копердің» бұл шешіміне Рамазанның өзі аң-таң. Оның Қазақстандағы жанкүйерлері де таңданыс танытып жатыр. Десе де, отандық футбол нарығында Рамазанға қызығушылық жоғары. Тіпті Премьер Лиганың командалары оған хабарласып та үлгерді. Бірақ әзірге нақты кіммен келсіссөз жүргізетіні белгісіз.

А. Айымбетов шетелдік клубқа ауыса ма?

Ал Абат шетелдік клубқа ауысуы мүмкін. Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов туралы ақпарат жиі шыға бастады. Өйткені, «Астана» командасымен арадағы келісімшарт жуырда аяқталады. Осы тұрғыда Абатқа «Тобыл», «Ордабасы» және «Ақтөбе» клубтары ұсыныс жасап үлгерген. Бұған қоса, Түркия клубтары да қызығушылық танытып отыр. Бірақ ол әзірге нақты шешім қабылдамады. Әлеуметтік желідегі парақшасына «Жақсы жаңалық күтіңіздер!» деген қысқа жазба қадырды. Айта кетейік, 28 жастағы шабуылшы «Астана» сапында 25 матчқа қатысып, 8 гол соқты. Одан бөлек, 3 нәтижелі пас берді. Ал Ұлттық құрама сапында 3 гол салды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде 1 мәрте көзге түсіп үлгерді.