Спорт саласында мәселе көп
Күні кеше Мәжіліс қабырғасында бұқаралық спортты дамытуға қатысты арнайы жиын өтті және оның барысында саладағы көкейкесті мәселелер талқыланды.
Оның ішінде отандық спорттың жүйесі, қаржыландырудағы олқылықтар, легиорнерлер мәселесі, тағысын тағы солай кете береді.
1 спорт бойынша 1 федерация болу керек. Бұл жөнінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді. Күні кеше Парламент Мәжілісінде бұқаралық және балалар спортын дамыту мәселесіне арналған жиын өтті және оның барысында бізде ресми тіркеліп, мемлекеттен қаржыландырылатын спорттардың тым көптігі сөз болды.
Бұл түйіткілді осыдан бір ай бұрын депутат Нартай Сәрсенғалиев көтеріп, Үкімет басшысына арнайы сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, елімізде 180-нен аса спорт түрі бар. Ал оған жұмсалатын қаржы 775 миллион долларға жуықтайды. Осы тұрғыда құзырлы министрлік тиісті шараларды қолға ала бастады. Бірақ шешудің негізгі және жалғыз жолы заңға өзгеріс енгізу екенін алға тартты сала басшысы.
Басқаша айтқанда, алдағы уақытта спорт түрлеріне терең сараптама жасалып, саны мүмкіндігінше азайтылады және өзіміздің қолымыздан келетін, жарыстарда жүлде әкелетін бағыттарға басымдық берілмек. Бұған қоса, Мәжіліс қабырғасында дәл осы спорттық секцияларға баларды неше жастан береміз деген мәселе де көтерілді. Бұл өте өзекті тақырып.
Гимнастикаға – 7-8 жас;
Күреске – 11-12 жас;
Боксқа – 12-13 жас;
Ауыр атлетикаға – 13-14 жас;
Стенд атуға – 14 жастан жоғары.
Жоғарыда аталған мәселелерді бір жүйеге түсіруге білім беруге жауапты министрлік те атсалысады. Мәселен, олардың бастамасымен әр мектепте спорт клубтары құрылмақ.
Қазір еліміз бойынша 50 мыңнан аса спорттық секция жұмыс істеп тұр. Оған тұрақты баратын балалар саны 1 миллион 300 мыңға жуықтайды. Яғни, бұл еліміздегі жалпы оқушылар санының 40 проценті. Бұған қоса, 3 мыңнан аса спорттық бағыттағы қосымша білім беру орталығы бар. Ол жақта 450 мыңға жуық бала спортпен қамтылған. Енді көрсеткішті одан сайын арттыру үшін әр мектеп жанынан спорт клубын құру маңызды дейді сала мамандары. Сонымен қатар, осы мектеп жасындағы балалар қатысатын жарыстарды жүйелеуге де ерекше екпін беріледі.
Дәл осы орта білім беру ұйымдарында дене тәрбиесімен 29 мың педагог айналысады. Ең алдымен осы мамандардың біліктілігін арттырып, жұмыстарын жіті қадағалауға көңіл бөлінеді дейді сала басшысы. Дәл осылай Мәжілістегі жиында студенттер арасындағы, еңбек ұжымдары арасындағы және зейнткерлер арасындағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері де сөз болды.