Спорт саласы легионерлерден құтыла ала ма?
Бибісара 3 дүркін әлем чемпионы атана алады. Дәл қазір Өзбекстанда шахматтан дүниежүзілік дода өтіп жатыр және оған қазақстандық Бибісара Асаубаева да аттанды.
Айта кетейік, былтыр байрақты бәсекені Алматы қаласы қабылдады. Оның барысында ұлттық команда өкілдері жақсы нәтижелер тіркеді. Ал биылғы жарыстың барысы қалай және отандық спортқа қатысы басқа да қандай жаңалықтар бар?
Бибісараның бағы басым
Бибісара 4 кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Өзбекстанның Самарқанд қаласында шахматтан жылдың басты бәсекесі – Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың екінші күні рапид бойынша бәсекелер жалғасты.
Ұлттық құраманың үздігі Бибісара Асаубаева бірнеше қарсыласынан басым түсіп, жалпы есепте 5,5 ұпай жинады.
Қазақстанның басқа қыздарында, атап айтқанда, Зарина Нұрғалиева, Назерке Нұрғали, Ксения Балабаева және Әсел Серікбайда 5 ұпайдан бар.
Топ басында бейтарап тудың астына өнер көрсетіп жатқан ресейлік Анастасия Бондарук тұр. Ол 7 ұпай еншілеп үлгерді. Бүгін шешуші жарыс күні. Қыздар тағы 3 турға қатысып, өзара мықтыны анықтайды.
Ал ерлер арасында қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен басымдығын сақтап қалды. Норвег гроссмейстері былтыр Алматыдағы жетістігін қайталауы мүмкін. 9 турдан кейін оның еншісінде 7 ұпай.
Қазақстан шахматшыларынан ең жақсы көрсеткіш Денис Махневте. 5 ұпай. Одан соң Даниял Сапенов және Ернұр Амангелді келе жатыр.Бүгін рапид бойынша ерлер арасында да әлем чемпионының есімі белгілі болады. Одан кейін блиц бәсекелері басталады.
Айта кетейік, қазақстандық Бибісара Асаубаева дәл осы бағытта 2 дүркін әлем чемпионы саналады және осы жолы 3 дүркін жеңімпаз атануына мүмкіндік бар. Самарқанд қаласындағы дүниежүзілік дода 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры – 1 млн доллар.
Нұралы “Реал Мадрид” жейдесін киюуі мүмкін
Қазақстан құрамасының мүшесі әрі Санкт-Петерборлық «Зениттің» қорғаушысы кезекті рет спорт порталдарының негізгі бетіне шығып, қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, «Аладоп» телеграмм каналы Нұралы Әліп испаниялық клубтағы бас скаут Джуни Калафаттың трансферлік тізіміне іліккенін алға тартады.
О баста олар «Зенит» сапындағы Роберт Реннанды көруге келген. Командадағы қазақстандық ойыншыға да назар аударып, арнайы кітапшаға түртіп алды. Бұл дегеніміз Нұралы Әліп алдағы уақытта “Реал Мадрид” клубына жалға берілуі мүмкін делінген «Аладоп» таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, 23 жастағы Нұралы 2022 жылдың ақпан айынан бері «Зенит» сапында өнер көрсетеді. 2023 жылдың қаңтарында Санкт-Петербор клубы оны «Қайраттан» 2 миллион еуроға сатып алды. Қос тарап арасындағы келісім 2025 жылдың маусым айына дейін жасалған. Бұған қоса жерлесіміз ұлттық команда қатарында тұрақты түрде жасыл алаңға шығып жүр және қазір ең нәтижелі ойыншылардың бірі саналады. Әсіресе, Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Нұралы Әліп барын салып, тарихи жетістікке жетуге көмектесті.
Легионерлер қысқартылып жатыр
Алдағы уақытта сырттан келетін спортшылардың саны азайтылып, өзіміздің қыз-жігіттерге көбірек мүмкіндік беріледі.
Бұл жөнінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.
Аталған мәселе Парламент Мәжілісінің қабырғасында көтерілді. Яғни, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бұқаралық және балалар спорты мәселесі қозғалып, комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов арнайы сауал тастаған болатын. Кейін жауапты мамандар оған жіті назар аударатынын алға тартты. Бірақ алдағы Париж олимпиадасында Қазақстан паспортын алған өзге елдің спортшылары өнер көрсетеді. Олар өз міндеттерін орындап, жоғары нәтиже тіркеуі қажет. Ұлттық командамызға көмектесуі керек. Ал жаңадан легионерлер қосылмайды деді Серік Жарасбаев.