Алтыннан алқа таққан жыл
Алтын санынан рекорд орнаттық. Биылғы жыл отандық спорт үшін жемісті болды.
Қазақстан спортшылары әлем чемпионатынан 7 алтын жеңіп алды. Бұндай жетістік бұрын-соңды болмаған.
Мәселен, былтыр 1 ғана алтынға қуандық. Оның өзін легионер Нора Джируто жеңіп алды. Ал оның алдындағы жылдары 1, 2, ары кетсе 4 алтын жеңіп алатынбыз. Тіпті, мүлде алтын жүлде болмаған жылдар да бар. Сонымен, биыл кімдер әлем үздігі атанды?
Әрине, ең алдымен Ташкенттегі тарихи жеңіс еске түседі. 4 боксшымыз чемпион болды. Олар – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай.
Одан кейін еркін күресте қазақтан тұңғыш әлем чемпионы шықты – Ризабек Айтмұхан.
Сонымен қатар, сұрмергендеріміз қос алтын жеңіп алды. Фатима Ирназарова мен Александра Сәдуақасова Бакудегі дүниежүзілік додада топ жарды.Тек алтын санынан ғана емес, жалпы медальдар саны бойынша да биыл ең жоғарғы көрсеткіш тіркелді. Барлығы – 22. Яғни, 7 алтыннан бөлек, 5 күміс пен 10 қола бар. Бұған дейін ең тәуір нәтижеміз 19 медаль болды.