Париж Олимпиадасына 203 күн қалды
Енді жұдырық болып жұмылып, жүйелі түрде дайындық жүргізуіміз қажет.
Күні кеше елордада арнайы штабтың ашылуы өтті. Оған министрден бастап, отандық спорттың басы-қасындағылар түгел қатысты. Жиын барысында жасалған жұмыстар талқыланды. Алдағы жоспарлар айтылды. Сәйкесінше, соған жауапты мамандар тізімі бекітілді.
Париж олимпиадасына 6 айға жетер-жетпес қана уақыт қалды. Бұл – өте қысқа аралық. Әсіресе кәсіпқой спорт үшін тым аз саналады. Сондықтан құрамада бар спортшыларды және қолда бар мүмкіндіктерді максималды пайдаланып қалу қажет. Бұл жөнінде елордадағы арнайы жиында айтылды. Күні кеше бұнда Париж олимпиадасының дайындығына қатысты штаб ашылған болатын. Ол енді жазғы ойындарға дейін тұрақты негізде жұмыс істейді. Орталық кеңсесі Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының маңында орналасқан. Алғашқы күні жалпы мақсат талқыланып, әр бағытқа жауапты мамандар бекітілді. Алдағы жоспарлар айтылды. Туризм және Спорт министрі Ермек Маржықбаев жасалып жатқан жұмыстармен жақынырақ танысып, штаб өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.
Ермек Маржықпаев, ҚР спорт және туризм министрі:
- Ұлттық құрама командамыз 20 спорт түрінен қатысады деп үміттенеміз. Қазіргі таңда өзімізде 17 лицензия, 8 спорт түрінен бар. Бірақ біздің алдымызда 80 астам лицензиялық турнирлер бар.Саны артады деп үміттенеміз.
17 лицензия негізі салыстырмалы түрде өте аз. Біз бұған дейінгі олимпиадаларда әсіресе осы жазғы олимпиадаларда 100-ге жуық жолдама жеңіп алып жүрдік. Яғни, 2000-шы жылдардан бергі статистиканы сараласақ, лицензия саны 80 мен 110 арасында болған. Ал қазір қоржынымызда 17 ғана. Ол бокс, күрес, велоспорт және стенд ату сияқты бағыттар бойынша. Енді қалған жарты жылдың ішінде оны 90-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы санға емес, сапаға жұмыс істеуміз керек деген пікір де кейінгі кезде жиі айтылып жүр.
Жолдамадан бөлек, отандық спортта жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер де бар. Арнайы штабтың отырысында олар да талқыланды. Әсіресе спорттық медицина, спорттық ғылым, спорттық тамақтану, бапкерлер біліктілігі, заманауи әдістемелер, допингпен күрес, қажетті құрал-жабдықпен қамту және кешенді жаттығу жиындарын өткізу. Міне, осы бағыттарға да енді ерекше екпін жасалады. Министр бұған дейін Алматы қаласында болып, ұлттық командамызға қызмет ететін медициналық орталықтың мамандарымен жиын өткізді. Басқа да спортқа жауапты ұйым өкілдерімен кездесті. Ал Астанадағы жиында ұйымдастыруға қатысты түйіткілдер, оның ішінде спортшыларымыздың уайымсыз дайындық жасауы, шетелдегі елшіліктермен байланыс орнату, құжатбастылыққа қатысты мәселелерді реттеу және заңға енгізілуі керек өзгерістер сөз болды.