Отандық спортта қандай өзгеріс болады?
Спортқа жауапты министрлік бүгінге дейін арнайы құжатты дайындап, Парламент Мәжілісіне өткізген.
Енді кеңінен талқыланады. Сол жерде отандық спортқа қажетті үлкен өзгерістер көрсетілген. Оның ішінде негізгі деген бағыттарды анықтап, соларға басымдық жасау бар. Өйткені біздің елде 180-нен аса спорт түрі дамытылады. Оған мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы көлемі 775 миллион долларға жуықтайды. Алдағы уақытта барлығын жүйелеу керек. Әсіресе олимпиадалық спорттарға, оның ішінде тұрақты жүлде әкеліп жүрген спорттарға көбірек көңіл бөлінбек. Бұған қоса, министр бапкерлердің айлығы тым аз екенін алға тартты. Тіпті 90 мың теңгеге жұмыс істеп жүрген жаттықтырушылар да бар. Алдағы уақытта бұл проблема да назарға алынады. Яғни аталмыш жаттықтырушылар дәрежесін оқытушы жаттықтырушылармен теңестіріп, айлықтарын кемі 2 есе көтеру көзделеді. Бұл бірер мысал ғана. Заңға осындай бірнеше өзгеріс енгізіліп, отандық спортқа үлкен серпіліс әкелу жоспарда бар.
Ермек Маржықпаев, ҚР спорт және туризм министрі:
-Алдағы жоспарларымызды қысқа және ұзақ мерзімді деп екіге бөлдік. Бағанадан сөз болып жатқан Париж олимпиадасына дайындық қысқа мерзімді саналады. Ал одан кейінгі отандық спорттың әлеуетін ұзақ мерзімді жоспарлар арқылы реттеуіміз керек. Оның ішінде заңға енгізілетін өзгерістер бар. Бұның барлығын қазірден қолға алу өте маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды да назардан тыс қалдырмай, саланы жете білетін мамандармен білек сыбана іске кірістік.