Ауыл жастары кәсіби спортқа бет бұрды
Түркістан облысының 11 ауылдық округінде ашылған спорттық үйірмелерде бала саны артты.
Ауылдарда мыңнан аса жас 6 түрлі секцияға жазылып, кәсіби мамандардың тәлімін ала бастады. Бүгінде Келес ауданының атын шығарып жүрген спортшылар да жастармен тізе қосып, тәжірибе алмасуда. Нәтиже жаман емес. Түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде жүлделі орынға ие болды.
Бүгінде Ақжол ауылында жүзге тарта жас кәсіби спортқа бет бұрып, күнделікті жаттығудан қалмай келеді. Бірі бокспен шұғылданса, өзгесі таэквондо, дзюдо және жекпе-жек спорт түрлерін таңдаған. Ашылғанына енді ғаны жыл толған спорт мектебінің жетістіктері де жоқ емес. Былғары қолғап киіп, шаршы алаңға шыққан балалар арасында бәсекелестік пайда болды.
Мейірлан Бауыржанұлы, боксшы:
- Осындай мектеп болсыншы деп армандадық. Ол жоқ кезде Нұрислам деген досым екеуміз күнде жүгіріп, өзіміз жаттығу жасап жүрдік. Жарыстарға шықтым 3-4 рет. Үшінші орынды екі рет алдым. Әлі алда жырыстар бар. Содан бірінші орын аламын деп сенемін.
Ал Ошақты ауылындағы балалардың белсенділігі қазақ күресінен байқала бастады. Ұлттық спортқа әуестенген жастар боз кілемде беделді спортшылармен тәжірибе алмасады. Асқақ арман жетелеген жеткіншектер алдарына биік мақсат қойып, түрлі айла-тәсілді меңгеріп жүр.
Ернар Сәуірбай, үйірмеге қатысушы:
- Біз аптасына 5 рет жаттығамыз. Ағайымыз бізге жанбас істетеді, скалена істетеді. Похват істетеді. Мысалы менің болашақтағы арманым әлем чемпионы болу.
Бүгінде Келес ауданы бойынша 11 ауылдық округтен ашылған спорт мектептерінде 1330 бала жаттығады. Жасөспірімдер бокс, ауыр атлетика, еркін және қазақ күресіне жазылған. Сондай-ақ, бұқаралық сипат алған футбол, жекпе-жек сияқты жауынгерлік ұрыс түрлерін меңгеріп жүр. Сала мамандары келер жылы өзге де спорт үйірмелерін ашып, білікті жаттықтырушыларды шақыртуды жоспарлап отыр.
Әлішер Мамадияров, Келес спорт клубының директоры:
- Белсенділігі өте жақсы ауыл балаларының. Келесі жылға шығыс жекпе-жектерінен қоссақ деп отырмыз. Панкратион деген сияқты спорт түрлері бар. Греплинг деген түрлерін қоссақ деп отырмыз. Өйткені ауыл балаларының бейімі соған келіп тұр. Сондай жаттықтырушылар болса деп отыр. Сол спорт түріне қатыссақ деп отыр.
Биыл Келес ауданының жаттықтырушылары жаңа жылдық кештен бас тартып, жастарды спортқа шақырудың ерекше тәсілін таңдады. Мерекеге орай ауыл балаларына спорттық формалар мен қажетті жабдықтарды сыйға тартты.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов