Волейболдан Қазақстан қысқы чемпионаты басталды
Талдықорғанда волейболдан жасөспірім қыздар арасындағы қысқы чемпионат басталды.
Ел біріншілігіне 19 команда қатысып жатыр. Ең бірінші болып жарыс алаңына Маңғыстау және Алматы өңірінің командалары шығып, нәтижесінде ақтаулық спортшылар ірі есеппен жеңіске жетті. Күзгі чемпионаттың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы бірінші орынды ұтып алса, Батыс Қазақстан облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысының ойыншылары үшінші орынға ие болған еді. Талдықорғанға Батыс Қазақстан облысының өкілдері келе алмады. Ал үздік үштікке енген екі команда жарысты сәтті бастады. «Ең басты фаворит осы клубтар. Жалпы волейболда үздік сегіздікке енген әр команданың чемпион атануға мүмкіндігі бар. Сондықтан ойындар өте тартысты өтеді деген сенімдемін», – деді жарыстың бас төрешісі Әсел Ғұбашева.
Әсел Ғұбашева, жарыстың бас төрешісі:
-Өткен жылы волейболдан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты ең алғаш рет ұйымдастырылғаны естеріңізде болар. Енді 17 жасқа дейінгі волейболшылар арасында әлем чемпионаты өтеді. Талдықорғанда оздырылған ел біріншілігі сол байрақты бәсекелерде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін қыздарымызды іріктеп алу үшін аса қажет. Сондықтан бүгінгі жарыс арқылы ұлттық құрама командамыздың іргетасы қаланып жатыр деп айтуға да болады.
Айару Сатыбалды, «Маңғыстау-Арена» клубының ойыншысы:
-Талдықорғанға бірінші рет келіп тұрмын. Менің ойымша ондыққа, сегіздікке кіруге үлкен шанс бар. Өзімізді көрсетуге тырысып, өзіміздің облысымыздың үмітін ақтап, солай. Ойланып ойнайтын мықты қарсыластар түсіп жатыр. Олардың да дайындықтары жаман емес.