Шахматтан ҚР чемпиондары анықталды
Санаулы күндерден кейін байрақты бәсеке – жасөспірімдер Олимпиадасының жалауы желбірейді.
Хоккейден 16 жасқа дейінгі 13 спортшы бақ сынайды. Рамазан Қайдаров шәкірттері алғашқы ойындарын 20 қаңтарда өткізеді.
Қайрат жас хоккейшілеріміз КАНВОН 2024 олимпиадасына дайындыққа кіріскен уақытта 18 жасқа дейінгі бұрымдыларымыз хоккейден әлем біріншілігінде өнер көрсетіп жатыр.
Хоккей: Қазақстан-Түркия 6:0
Нидерландтың Херенвен қаласында өтіп жатқан 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем чемпионатында жерлестеріміз алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осыған дейін Ұлыбританиядан 4:0 есебімен жеңілген аруларымыз осы жолы Түркия хоккейшілеріне жауапсыз 6 шайба соғып, айқын басымдықпен тізе бүктірді. Осылайша, олар топтан шығу мүмкіндігіне ие болды. Айта кетейік, ойыншыларымыз енді Латвия, Қытай, Нидерланд құрамаларымен тартысқа түседі.
Нысана көздеу: қоржынға тағы 3 жүлде түсті
Ұлттық құрама мергендері Индонезия астанасында өтіп жатқан Азия чемпионатында тағы 3 күміс жүлдеге қол жеткізді. Осыған дейін ел қоржынына алтын салған Фатима Ирназарова осы жолы тұғыр биігінің 2-ші сатысына көтерілді. Аралас қарқынды қозғалатын жылжымалы нысана көздеу бойынша сынға түскен ол 361 ұпай жинап, тек Қатар спортшысына есе жіберді. Ал ерлер арасында Асадбек Назиркульевте күмісті қанағат тұтты. Ол 377 ұпай жинап, өз мансабындағы жеке рекордын тіркеді. Сондай-ақ ол Андрей Худяков, Илья Зотеевпен бірге командалық сында Индонезия құрамасынан ғана жеңіліп, екінші орынға табан тіреді. Құралайды көзге атқан мергендеріміз сары құрлық чемпионатын 4 алтын, 5 күміс, 5 қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, жерлестеріміздің еншісінде Париж олимпиадасының 5 жолдамасы бар.
Кіші жасөспірімдер арасындағы чемпионат
Елордада бокстан 13-14 жас аралығындағы кіші жасөспірімдер арасында елорда чемпионаты басталды. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесіне қаланың спорт мектептерінен 210 ға жуық боксшы келді. 5 күнге созылатын спортшылар жарысы 15 салмақ дәрежесінде өтеді. Сыннан сүрінбей өтіп жүлделі болған ринг шеберлері ақпан айында болатын аймақтық чемпионатқа жолдама алады. Оны бағындырса, сәуір айында өтетін ел біріншілігінде бақ сынайды.
Бақытжан Қожахметов, Астана қаласы бойынша бокстан кіші жасөспірімдердің аға жаттықтырушысы:
- Бізге алда келе жатқан ендігі айдағы аймақтық чемпионатқа баруымыз – мақсат. Ол чемпионаттан ақтық ойынға ҚР чемпионатына баруымыз – міндет. Сол чемпионаттан балаларымыз чемпион болса, алда келе жатқан Азияға баратын мүмкіндігі бар.
Нұрдәулет Шертім, «№3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ басшысының орынбасары
- Бокс енді, өзіңіз білесіз, бұл спорт өте қиын. Бұған да дайындық керек. Дайындығын мықты болса, өз-өзіңді алып шығасың. Сол себепті, мен ойлаймын, осы қарқынмен дамып келе жатырмыз. Өсеміз, өнеміз. Қазақстанның көк туын жоғары көтереміз.
Иштван бочкай атындағы турнир
Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы халықаралық турнир басталды. Жарыстың алғашқы күнінде шаршы алаңға 4 қазақстандық боксшы шығып, оның үшеуі келесі айналымға өтті. Атап айтар болсақ, 60 келідегі Бейбарыс Жексен моңғолиялық қарсыласын, 63,5 келідегі Ертуған Зейнуллинов пен 71 келідегі Сабыржан Аққалықов Венгрия боксшыларынан басым түсті. Ал 75 келідегі Диас Молжігітов болса, өкінішке қарай, жеңіліске ұшырады.
Айта кетейік, бұл турнир 21 қаңтарға дейін жалғасады. Содан кейін ел боксшылары 2-12 ақпан аралығында Румынияда өтетін «Странджа» халықаралық турнирінде де бақ сынайды.
Шахматтан ҚР чемпиондары анықталды
Түркістанда шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпиондары анықталды. Ала тақта додасына еліміздің әр өңірінен 14, 16 және 18 жасқа дейінгі 400-ден астам ойыншы қатысты. Спортшылардың 130-ы – қыз, 274-і – ұл. Ойыншылар 10 күн бойы шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен бақ сынады. Жас спортшылардың арасында әлемдік додаларда топ жарған шахматшылар да бар. Мамандар турнир тартысты өткенін айтады. Әсіресе бұрын шахматтан көзге түсе бермейтін өңірлердің жеңісімен ерекшеленді. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 5,5 млн теңге. 18 жасқа дейінгі қыздар арасында классикалық ойын түрінен астаналық Айару Алтынбек топ жарды. Екінші орын Ақмола облысынан келген Жанбота Қамаровға бұйырды. Жүлделі үшінші орынды қарағандылық Кристина Попандопуло еншіледі. Ал ұлдар арасында астаналық Нұрлыхан Құдайберген мен Тимур Кеңбейілов 1, 2-ші орын өзара бөліссе, алматылық Ораш Шоназаров үшінші орынды иеленді.
Айару Алтынбек, шахматтан ҚР чемпионы:
- Шахматты маған 7 жасымда ағам үйретті. 5 жыл болды ойнап жүргеніме. Қалалық чемпионатта 1-ші орын алып, Қазақстанға өттім. 2023 жылы Грузияда Батуми қаласында өткен 12 жасқа дейінгі қыздар арасныда мен әлем чемпионы атандым. Мен 12 жастамын бірақ 18 жасқа бағымды сынап келдім, 1-ші орын алдым.
Дастан Исатайұлы, шахматтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
- 1-ші орын алған балаларымыз келесі жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. 2-ші орын алғандар Азия чемпионатына жолдама алды. 3, 4, 5-ші орын алғандар халықаралық жарыстарға жолдама алды.