Спорт. Атыстан алған алтындар
Қаңтар айының бел ортасына да келдік. Жыл басталғалы бері ел спортшылары қоржынымызға жүлде толтырып жатыр.
Әсіресе мергендеріміз жарап тұр. Нысананы көздеу, стенд ату сынды сайыстар бойынша спортшыларымыз қуантып жатыр.
Атыстан алған алтын
Стэнд атудан Кувейтте өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатынды жерлестеріміз топ жарды. Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитриенко трап бағдарламасы бойынша қарсылас шақ келтірмеді. Мергендеріміз 140 ұпай жинап алтын жүлдеге ие болды.
Бұған дейін де Мария трап бағдарламасы бойынша жекелей және командалық сайыста қос қолаға қол жеткізген. Стэнд атудан сары құрлық чемпионаты 22 қаңтарға дейін созылады.
4 алтын, 2 күміс, 5 қола
Ел қоржыны тағы 3 жүлдемен толықты. Нысана көздеуден Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан Азия чемпионатында ел мергендері тағы да жүлделі болды. Бұл жолы 10 метр қашықтықтағы жылжымалы нысананы көздеу бойынша Фатима Ирназарова алтын алды. Ал ерлер бәсекесінде Илья Зотоеев қола жүлдені қанағат тұтты.
Сондай-ақ ол Андрей Худяков, Асадбек Назиркульевпен бірге командалық сайыста 2-орынға табан тіреді. Қазір ел құрамасында 4 алтын, 2 күміс, 5 қола медаль бар.
Ольга Довгун, нысана көздеуден Қазақстан командасының бас бапкері:
- Спортшылар көңілден шықты. Біз жүлделі үш орын мен екі лицензия аламыз деп уәде берген едік. Айтқан сөзімізде тұрдық. Біз ойлағаннан да жақсы өнер көрсетілді. Енді жаттығуды үдете түсу керек. Көп ұзамай Египеттегі әлем кубогына аттанамыз. Кейін елде жаттығу жиынын өткіземіз.
Елена елді елеңдетіп отыр
Әлемнің үшінші ракеткасы жерлесіміз Елена Рыбакина Мельбурн қаласында өтіп жатқан AUSTRALIAN OPEN турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ол әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы чехиялық Каролина Плишковадан басым түсті. Отандасымыздың ендігі қарсыласы ресейлік Анна Блинкова.
Республикалық дзюдо турнирі басталды
Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында дзюдодан 13-15 жастағы жасөспірімдер арасында «қысқы демалыс» күндеріне арналған республикалық турнир басталды.
Бұл жолғы жарысқа еліміздегі республикалық маңызы бар үш қала мен барлық облыстан 1300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Дәстүрлі турнир 4 күнге созылады. Еліміз бойынша өтетін спорттық іс-шаралардың күнтізбе жоспарына енгендіктен, жүлделі орынға іліккен жас дзюдошылар спорт шеберіне үміткер нормативін орындайды.
Әлинұр Құлмахамбет, жарысқа қатысушы:
- Енді бірінші схватканы ұттым. Әлі 7 схватка бар. Негізі дзюдоны мен 6 жастан бастадым. Қазақстан чемпионы бар. Іріктеуде 3-орын алдым. Осы жолы да іріктеу болады. Құдай қаласа бірінші орын аламын. Жарыс маған ұнап жатыр. Күшті өтіп жатыр.
Қайрат Биназарұлы, төреші:
- Осы жас ерекшелігі бойынша қазан айында Өскемен қаласында ҚР чемпионаты өтеді. Соған әр өңір өзінің спортшыларын алып келіп, іріктеп жатыр десе де болады. Жарысымыздың деңгейі өте жоғары болып жатыр, мына 4 татамида. Әр татамида халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етіп жатыр.
EURASIA JASTAR CUP
Алматыда ақпан айының 1-і мен 4-і аралығында хоккейден халықаралық турнир өтеді.
EURASIA JASTAR CUP жарысына тек 18 жасқа дейінгі спортшылар қатысады. Былтыр дәл осы дода елордадағы Барыс Аренада өткен болатын.
Қатысушылар құрамы да өзгеріссіз. Өткен жылғыдай Қазақстан жасөспірімдер құрамасынан өзге, 18 жасқа дейінгі Беларусь, 16 жасқа дейінгі Ресей құрамалары қатысады. Матчтар айналымдық жүйемен өтеді.
Бұл бәсеке Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 2024 жылғы әлем чемпионатына дайындық кезеңдерінің бірі болмақ. Байрақты бәсеке биылғы жылдың 25 сәуірі мен 4 мамыры аралығында Финляндиядағы Эспо және Ванта қалаларында өтеді.
Еске сала кетейік, бір жыл бұрын біздің команда өз дивизионында бірінші орынды иеленді. Сөйтіп 21 жылдан кейін жасөспірімдер хоккейінің элитасына оралды.
Оразов оралды
Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Ақтөбе футбол клубымен жаңа келісімшартқа қол қойды.
Бұл туралы клуб өз Instagram ресми парақшасында жариялады.
Бұған дейін ол "Копер" командасының намысын қорғаған. Словениялық клуб сапында 12 ойын өткізіп 1 гол салды. 25 жастағы футболшы 2021-2022 жылдары "Ақтөбе" командасында өнер көрсетіп, ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Рамазан алматылық "Қайрат" командасының түлегі. Одан бөлек "Тобыл", "Ақсу", және ресейлік "Чайка" командасында өнер көрсеткен.
ФОТО: Аслан Қаженов, «24.KZ»