Кореяда жасөспірім хоккейшілеріміз қолаға таласады
Канвондағы жасөспірімдер олимпиадасында хоккейден Қазақстан құрамасы
ақтық сынға шығу үшін турнир кестесінің көшбасшысы Латвия командасына қарсы ойнап, 19:5 есебімен ұтылып қалды.
Іріктеу сайыстарында мүлде жеңілмеген латвиялықтар ойынның бірінші кезеңінде 9 шайба салды. Екінші партия 2 де 2 есебімен тең аяқталды. Бірақ шешуші партияда Латвия құрамасы 8 де 3 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жалпы есеп 19 да 5. Енді жерлестеріміз қола жүлдені Даниядан ұтылған Австриямен сарапқа салады.
Ә. Омарханов ширек финалға шықты
Австралияда теннистен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Australian Open турнирінде жерлесіміз Әмір Омарханов ширек финалға шықты. Ол үшінші айналымда әлемдік рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған Чанджун Киммен шеберлік байқасты. Отандасымыз бірінші сетте 6 да 3 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші партия оңтүстіккореялықтың пайдасына шешілді. Үшінші сетте Әмір корей теннисшісіне мүмкіндік қалдырмай 6 да 0 есебімен тізе бүктірді. Енді Омарханов жартылай финалға шығу үшін жасөспірімдер арасындағы әлемнің 25-ші ракеткасы нидерландтық Мес Ротгерингпен кездеседі.
Триатлонды дамыту жоспары талқыланды
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев триатлон федерациясының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында ұлттық құраманың былтырғы нәтижелерін қорытындылап, келер жылға дайындық жоспарымен танысты. Министр Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндігі бар құрама спортшыларын жеке дайындауды тапсырды. Сондай-ақ ол жауапты мамандарға әлемдік ұйымдардағы өкілдеріміздің санын арттыру және халықаралық деңгейдегі төрешілерді даярлау қажет екенін атап өтті.
ЦИТАТА:
Қазақстан триатлонының халықаралық аренада жеңіспен өрілген жақсы дәстүрі бар. Атап айтар болсақ еліміздің даңқты триатлоншысы Гааг Дмитрий 1999 жылы әлем чемпионатында топ жарып, Сидней Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Жасыл құрлықтағы аламанда жерлесіміз 4-орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сонымен қатар отандық спортшылардан Олимпиада ойындарына Михаил Кузнецов пен Данил Сапунов та қатысқан еді. Алайда олар да жүлделі орындардан көріне алмады. 2012 жылдан бері жерлестеріміз триатлон спортынан Олимпиада лицензиясын жеңе алмай келеді. Сондықтан алдағы уақытта отандық триатлонды жандандырып нәтижеге жұмыс істеу керек.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты маусымында елордалық "Барыс" "СКА" хоккей командасынан жеңіліп қалды. Санкт-Петербургте өткен кездесуде қарсылас команданың шабуылшылары Василий Глотов пен Марат Хайруллин жерлестерімізге дубль жасады. Ска командасының тағы екі шабуылшысы Алекс Гальченюк, Арсений Грицюк және қорғаушы Степан Фальковский бір мәрте голдан соқты. Сонымен қатар Грицюк төрт нәтижелі пас берді. Нәтижесінде жалпы есеп 7 де 0. Айта кетейік жерлестеріміздің ендігі ойыны 26 қаңтарда сырт алаңда Ладаға қарсы өтеді.