10 спорт мектебіне 700-ден астам шаңғы берілді

Көкшетауда шаңғы тебуден бұқаралық жарыс өтті, деп хабарлайды 24KZ.

200-ге жуық жасөспірім 2,5 шақырым қашықтықта бақ сынады.

Шара барысында 10 спорт мектебіне 700-ден астам шаңғы берілді. Спорттық жабдықтарды «Қазақстан халқына» қоры сыйға тартты. Мамандар бұл бастама аймақтағы бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді деген ойда.

Жалпы жарыс Канвондағы жасөспірімдер арасында қысқы Олимпиада ойындарына қатысып жатқан отандық спортшыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Алексей Пеньковский, жарысқа қатысушы:

- Шаңғы спортымен айналысқаныма 6 жылдан асты. Облыстық, республикалық жарыстарға тұрақты қатысамын. Арманым – халықаралық дәрежеге көтеріліп, ел намысын қорғау.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Спортты, дене шынықтыруды біз әрқашан қолдаймыз. Бүкіл жағдай жасаймыз. Қазір өңірде біраз спорт кешендері салынып жатыр. Ауыл-аймақтарда, аудандарда. Оның биыл біразын жүзеге асырамыз. Міне, осы ақпан айында Қосшы қаласынан бастаймыз. Онда спорт кешені іске тапсырылады.