Өскеменде боксшылар Құрманғазы күйлерін тыңдап жаттығады
Өскеменде бокс үйірмесіне қатысатын жас спортшылар 4 жыл ішінде 100 медаль жеңіп алған, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жетістік құпиясының бірі, бокс үйірмесіне жазылған жас спортшылар дәулескер күйші бабамыз Құрманғазының туындыларын тыңдай жүріп жаттығу жасайды. Мұндай жаңашылдықты бокстан спорт шебері Ілияс Оразхан енгізгенін де айта кетейік. Ол осылайша өз шәкірттеріне қазақтың күй өнері арқылы патриоттық тәрбие беру ісін қолға алған.
Бокстан спорт шебері Ілияс Оразхан біраз уақыттан бері өз шәкірттерін домбыраның күмбірлеген үнімен жаттықтырып келеді. Өйткені спортшының шаршы алаңдағы өмірі өте қысқа болады. Ал музыка – мәңгілік. «Біле білген адамға спорт қимыл-қозғалыспен қатар әдемі ырғақтардан тұрады. Сондықтан ұлттық күй мақамымен соққы қою – ол да үлкен стратегия», – дейді жаттықтырушы.
Музыкалық шаршы алаң керілген залда жаттығатын жас боксшылар 4 жылда 100 медаль алып үлгерген. Оның көбі – халықаралық жарыстардың жүлдесі. Домбыра – адамдарды жік-жікке бөлуші емес, қайта оларды біріктіретін киелі аспап. 10 жастағы облыс чемпионы Расул Марат үзіліс кезінде Данил Вешкинге домбыра тартуды үйретеді. Бірақ Данил соққы қабылдауды жақсы меңгергенімен, домбыраны әлі дұрыстап үйрене алмай келеді. «Ең бастысы, оның бойында спортшыға тән қасиет пен музыкалық қабілет бар. Сондықтан бәрі алда», – дейді Расул.
Расул Марат, боксшы:
- Менің ойымша, бокс – ол екінші би. Рингке шығасың, билеп шығасың, ұтасың, кетесің. Мені музыка шабыттандырады деуге болады. Ол менің ішімдегі мотивацияны жандандырады, жеңіске көмектеседі деп ойлаймын.
Міне, осылайша жасөспірімдер спортпен қатар қазақтың күй өнерін де меңгере бастаған. Ілияс Оразханның қол астында 50 шәкірт жаттығады. Тағы 50 бала кезекте тұр. Ол жас боксшыларға музыка үйірмесіне бару туралы да ақыл-кеңес беріп отырады.
Ілияс Оразхан, жаттықтырушы:
- Біз ең алдымен балалардың қызығушылығын оятып, дұрыс бағыт-бағдар бере білуіміз керек. Сонда олар қолға алған ісін жақсы меңгереді. Көңіл күйі көтеріңкі болса, бала деген шаршауды білмейді. Сол арқылы бокстың әдіс-тәсілдерін тез үйренеді.
Жас боксшылар өзара жұдырықтасу аяқталған соң қалыпқа келу жаттығуларын жасайды. Ол өз жемісін беріп келеді. 4 жылдың ішінде балалардың көбі қалалық, облыстық жарыста жеңімпаз болып, халықаралық деңгейдегі бәсекелерде де топ жарған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.