Дэвис кубогы: алғашқы күнгі есеп тең
Теннистен ел құрамасы «Дэвис кубогындағы» алғашқы кездесулерін өткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Росарио қаласында өтіп жатқан жарыстың бірінші күні Аргентина құрамасымен кездесті. Есеп әзірге 1:1. Алдымен Дмитрий Попко мен Аргентина мықтысы Франсиско Серундоло кезедсті. Әлемдік рейтингте аргентиналық ойыншы Дмитрий Попкодан 300 сатыға жоғары тұр. Қазақстандық теннисші тегеурінді қарсылық көрсетті. Алайда екі сетте де Серундоло басым түсті. Ал Тимофей Скатов командалық есепте таразы басын теңестірді. Ол Томас Мартин Этчеверриден айласын асырды. Екі сағаттан асқан кездесу 6:4, 7:5 есебімен қазақстандықтың пайдасына шешілді.
Бүгін жұптық ойындар өтеді. Одан кейін құрамалардың үздік ойыншылары мықтылық байқасады. Матчтың басталуы Астана уақыты бойынша кешкі сағат 8-ге белгіленген.
Тимофей Скатов, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Мен таблодағы есепке қарамай, бар назарымды ойынға аудардым. Маған кедергі келтіруге тырысқан жергілікті көрермендерге де көңіл бөлмедім. Бар ойым өз командама ұпай алып беріп, келесі жарыс күні алдыға озып шығуға мүмкіндік алып беру туралы болды.
Дмитрий Попко, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Мен өзімді ыстыққа төзімдімін деп ойлайтын едім. Алайда бүгінгі ыстықта ойнау өте қиын болды. Оның үстіне ойынның қарқыны да жоғары болды. Мен үнемі жүгіріп жүріп ойнауға мәжбүр болдым.