Қазақстан Дэвис Кубогі аясында Аргентинаға қарсы ойнайды

Бүгін теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис Кубогі аясында Аргентинаға қарсы ойнайды.

Дүбірлі дода Росарио қаласында өтеді. Жарысты сағат 20:00-де Дмитрий Попко мен Франсиско Серундоло бастайды. Одан кейін кортқа Тимофей Скатов пен Томас Мартин Этчеверри шығады. Бәсеке жексенбіде де жалғасады. Бұл қос құраманың үшінші кездесуі. 12 жыл бұрын аргентиналық теннисшілер отандастарымызды 5:0 есебімен жеңген еді. 2017 жылы қазақстандық спортшылар 3:2 есебімен есе қайтарған. Қарсыластарымыздың қазіргі құрамы осал емес. Барлығы әлемдік рейтингтегі үздік 30-дыққа кіреді. Бұған дейін Денис Евсеев сырқаттанып, жарыстан шығып қалған болатын.

Диас Досқараев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:

- Өкінішке орай, біз Денис Евсеевті жақсылап дайындап, ол бірінші болып келіп, өкінішке орай, екінші күні ауырып қалды. Әрине мұндай нәрсе спортта мүмкін, өмірде де мүмкін. Ешнәрсе қылмайды деп ойлаймын, себебі басқа да ойыншыларымыз бар. Финалға шығуға. Бірақ бұл спорт. Корт көрсетеді қалай болатынын.