Ел спортшылары синхронды жүзуден әлем чемпионатында топ жарды
Тарихи жетістік. Қазақстан спортшылары алғаш рет синхронды жүзуден әлем чемпионатында топ жарды.
Байрақты бәсеке дәл қазір Катар астанасы Дохада өтіп жатыр. Синхронды жүзудің аралас жұптық сынында ел намысын Эдуард Ким мен Наргиза Болатова қорғаған болатын. Олар финалда ең үздік нәтиже тіркеді. Күмісті Қытай, қоланы Мексика командасы жеңіп алды.
Айта кетейік, елімізде су спорты түрлерінен әлем чемпионатының алтыны болмаған. Бұған дейін Эдуард Ким жекелей сында қола жүлде жеңіп алған еді.
Қазақ балуаны қолаға қол созды
Париж қаласында дзюдодан әлемдік Grand Slam мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 107 елден 600-ден аса спортшы қатысты. Оның ішінде 14 жерлесіміз бар. Араларынан ауыр салмақтағы Нұрлыхан Шархан ғана жүлдеге ілікті. Ол алғашқы айналымда америкалық Натаниэль Киваны, екінші айналымда нидерландтық Майкл Коррелді ұтты. Ширек финалда сербиялық дзюдошыдан басым түсті. Ал жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы, Испания өкіліне есе жіберді. Кейін қола үшін күресте швейцариялық Айх Даниэльді жеңді.
Айта кету керек, бұл – Нұрлыханның әлемдік гранд-слэмдердегі алғашқы жүлдесі. Бұған дейін құрлықтық додаларда ғана жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген еді. Осы жетістігінің арқасында оған 500 рейтингілік ұпай берілді және соның арқасында Париж Олимпиадасына қатысуға бір табан жақындай түсті. Лицензия алғандардың нақты тізімі жазғы ойындар жақындағанда белгілі болады.
Davis Cup: Қазақстан Аргентинадан ұтылды
Қазақстан Аргентинадан ұтылды. Теннистен ерлер арасындағы әлем чемпионаты Дэвис Кубогының іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Оның аясында Юрий Щукин баптайтын ұлттық құрамамыз сырт алаңда Аргентина командасымен жолыққан болатын. Матчтар Росарио қаласында өтті. Ең бірінші болып кордқа қазақстандық Дмитрий Попко мен аргентиналық Франсиско Серундоло шығып, жергілікті теннисші жеңіске жетті. Кейінгі кездесуде Тимофей Скатов қарсыласынан басым түсіп, таразы басын теңестірді. Жарыстың екніші күні жұптық сын өтіп, қазақстандық Александр Недовесов пен Дмитрий Попко ұтылып қалды. Тағы да артынша жекелей сынға шыққан Тимофей Скатов жеңісті жұлып алып, жалпы есепті 2:2-ге жеткізді. Ал үшінші күні, яғни шешуші матчта Дмитрий Попко аргентиналық Себастлан Ваезге есе жіберді. Осылайша, ұлттық командамыз финалдық кезеңге шыға алмады.
Юрий Щукин, теннистен Қазақстан құрамасының капитаны:
- Құрамамыз толық жасақталмады. Бұл жарысқа Бейбіт Жұқаев қатысуы керек еді. Ол аяқасты жарақат алды. Одан кейін Денис Евсеев ауырып қалды. Тезірек сауығып, қатарға қосыла ма деп едік. Үмітіміз ақталмады. Қалған жігіттердің бабы да жаман емес. Олар барын салып ойнады.
Айтпақшы, бұл жарысқа ұлттық құрама үздігі Александр Бублик те қатыспады. Ол қазір Париж Олимпиадасының жолдамасын алу үшін рейтингілік турнирлерге қатысып жүр. Мәселен, күні кеше ол Францияда өткен АТР-250 сериясындағы жарыста бақ сынап, бас жүлдені жеңіп алды. Финалда хорватиялық Борна Чоричті ұтты. Айта кетейік, Бублик бүгінгі таңда әлемдік рейтингте 37-ші орында тұр.
Футбол ардагерлері тәжірибесімен бөлісті
Футбол ардагерлері тәжірибесімен бөлісті. Елордадағы №8 спорт мектебінде ерекше форматтағы матч өтті. Оның аясында жасыл алаңға әр жылдары ұлттық құрамада ойнаған футболшылар мен балаларды баптап жүрген жас мамандар шықты. Аға буын командасында Мұрат Тілешев, Егор Азовский, Константин Котов және Антон Чичулин сияқты көпшілікке танымал футболшылар бар. Тартысты өткен кездесу нәтижесінде 6:4 есебімен ардагердер жеңіске жетті. Кейін өзара шеберлік сағатын, жас бапкерлерге білген-түйгендерімен бөлісті.
Айта кету керек, бұндай шара алғаш рет қолға алынды және алдағы уақытта оны тұрақты өткізіп, ел намысын қорғаған аяқдопшыларға осылай құрмет көрсетіп тұруымыз керек, - дейді ұйымдастырушылар.
Владимир Глевич, бапкер:
- Бұл – біз үшін кішігірім мереке. Футбол мерекесі. Сала ардагерлерін ұмытпай, құрмет көрсетіп жатыр. Жас мамандардың аяқалысы жақсы. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп жатыр. Осы спорт мектебінен ұлттық құрамаға ілігіп, еліміздің абыройын асқақататар футболшылар шығады деп үміттенеміз.
«Спартак» пен «Пахтакор» елімізге келеді
«Спартак» пен «Пахтакор» Астанаға келеді. Алдағы айда бұнда футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир өтеді. Оған мәскеулік «Спартак» , ташкенттік «Пахтакор», бұдан бөлек өзіміздің «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» және «Ақсу» сияқты азулы клубтардың өрендері қатыспақ. Сонымен қатар жергілікті футбол орталықтарының балалары да жарысқа араласады. Аладоп аламаны 2013 жылы дүние келген, яғни 10-11 жасар жеткіншектер арасында ұйымадстырылады.
Айта кету керек, бұндай деңгейдегі аладоп аламаны елімізде бұрын-соңды болмады. Яғни, алғаш өткізілгелі тұр. Астана әкімдігі мұрындық болған байрақы бәсеке елорда төріндегі Футбол үйінде 23 наурызда басталып, 26 наурызға дейін жалғасады.