Астанада велотректен ел чемпионаты басталды

Ел үздіктері елордаға жиналды.

Астанада велотректен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты басталды. 200 спортшы 10 медаль жиынтығын сарапқа салады. Яғни ішкі біріншілік ересектер және жасөспірмдер арасында болады. Оның аясында спринт, кейрин және топтық жарыс түрлері бойынша жеңімпаздар анықталады.

6 боксшымыз ширек финалға шықты  

Тұрсынбай нокдаун алып тұрып, қарсыласынан басым түсті. Болгария астанасы София қаласында кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа Кубогы» өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні тарысты жекпе-жектерге толы болды. Әсіресе қазақстандық Тұрсынбай Құлахмет пен өзбекстандық Алохон Абдуллаев арасында мықтыны анықтау оңай болмады. 80 келіге дейінгілер арасындағы айқаста Тұрсынбай нокдаун алды. Бұған қоса лас жұдырықтасқаны үшін төрешілер Алохоннан бір ұпайын шегерді. Міне, осындай кездесудің нәтижесінде 4:0 есебмен жерлесіміз жеңіске жетіп, ширек финалға шықты. 27 жастағы былғары қолғап шебері енді украиналық Матвий Ражбамен жұдырықтасады.Тұрсынбайдан бөлек, тағы 5 боксшымыз жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Оның ішінде Санжар Ташкенбай, Оразбек Асылкулов, Ерасыл Танкай, Абзал Кұттыбеков және Нұрқанат Райыс бар. Яғни айтулы аламанға аттанған 10 боксшымыздың алтауы жартылай финал жолдамасын сарапқа салады деген сөз. София қаласындағы бокс турнирі 12 ақпанға дейін жалғасады.

 

А. Уваров – Азия чемпионатының жүлдегері  

Қоржынымызға кезекті күміс түсті. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың төртінші күні ауыр салмақтағы спортшылар арасындағы бәсеке болды және ұлттық құрама сапындағы Александр Уваров жүлдеге ілікті. Ол 81 келіге дейінгілер арасында сынға түскен. Жерлесіміз жұлқа көтеруде 153, ал серпе көтеруде 190 келіні еңсерді. Яғни жалпы есепте 343 келіні бағындырып, екінші орынға тұрақтады. Алтын жүлде Солтүстіккореялық, ал қола түрікменстандық спортшыға бұйырды. Бұған қоса дәл осы салмақта тағы бір жерлестеріміз Әлібек Рақымберді де бағын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша ол 5-ші сатыға жайғасты. Сонымен қазір ұлттық құрама қоржынында қос күміс бар. Оны алғашқы күндері орта салмақтағы Сайрамкез Ақмолда және жоғарыда айтқан Александр Уваров жеңіп алды. Ташкенттегі құрлықтық дода 11 ақпанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионатына 34 елден 190-нан аса атлет қатысып жатыр. Оның қорытындысы бойынша Париж Олимпиадасының жолдамасына қажетті рейтингтік ұпайлар таратылады.

Александр Уваров, Азия чемпионатының жүлдегері:

- Осы жарыста барымды салып, қалайда жүлдеге ілігуге тырыстым. Соған қол жеткіздім. Бұндағы қарсыластардың қай-қайсы да осал емес. Бәсекелестік өте жоғары болды. Енді сәл тынығып, физикалық және психологиялық бапты қалпына келтіруім керек. Келесі айтулы аламан қараша айында болады. Яғни дәл осы жетістікті енді әлем чемпионатында қайталауға барымды саламын.

    

Кезекті әлемдік аламанға дайындық

Елдос Парижде кеткен есені Ташкентте қайтаруға тырысады. Бірер аптадан кейін дзюдодан әлемдік Grands Slam бәсекесі жалғасады. Бұл жолы оны Өзбекстан астанасы Ташкент қабылдайтын болды. Байрақты бәсеке наурыздың 1-і мен 3-і аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі жарияланды. Оның ішінде ұлттық құрама үздігі Елдос Сметов та бар.

Айта кетейік, ол ұзақ үзілістен кейін жуырда ғана татамиге оралды. Бірер күн бұрын Париждегі Grands Slam-ге қатысып, іріктеу кезеңінде жеңілген болатын. Елдостан бөлек, 60 келіде тағы бір жамбылдық Нұрқанат Серікбаев бағын сынайды. Бұған қоса тізімге Ғұсман Қырғызбаев, Есет Қуанов, Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов, Абылайхан Жұбаназар және Руслан Мұсаев сияқты жерлестеріміз енгізілген. 100 келіде Парижде қола жүлдеге қол созған Нұрлыхан Щарқан да қатысады. Ал аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай мен Ерасыл Қажыбаев татамиге шығады. Ташкенттегі жарыс жеңімпаздарына рейтингілік ұпай беріледі және ол алдағы Олимпиаданың жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі рөлді атқарады.

    

Еркін күрес шеберлерінің бәсекесі

Ересектерден кейін жасөспірімдер бозкілемге шықты. Елордада еркін күрестен жас палуандар арасындағы қалалық біріншілік болды. Ерекшілігі сол, жасөспірімдер жарысы алғаш рет Астана төріндегі Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылды.

Айта кету керек, бұнда бірер күн бұрын ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтіп, лицензиялық жарысқа аттанатын ұлттық құрама жасақталған еді. Енді олардың жеңіс жолын ізбасарлары жалғады. Қалалық чемпионатқа 150-ден аса қатысушы жиналды. Олар 2 жас деңгейі бойынша, яғни 15 жасқа дейінгі және 17 жасқа дейінгілер арасында өзара мықтыны анықтады. Бас-аяғы 20 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Оның қорытындысы бойынша республикалық жарысқа қатысатын жергілікті команда құрылды. №3 спорт мектебінің мамандары «алдағы уақытта да осындай форматтағы жарыстарды жиі қолға алып, балаларға барынша мотивация беруге тырысамыз» дейді.