VI Бүкіләлемдік этноспорт форумы өтті
Анталияда VI Бүкіләлемдік этноспорт форумы өтті. Шараға әлемнің 60-қа жуық спорт федерациялары қатысты.
Қазақстан атынан Ұлттық спорт қауымдастығы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын дайындау және өткізу дирекциясы мен бірқатар ұлттық спорт федерациясы өкілдері барды.
Халықаралық спорттық шараның биылғы тақырыбы – дәстүрлі спорт түрлерін жаңғырту. Шараны штаб-пәтері Ыстамбұлда орналасқан. Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы (WEC) ұйымдастырып отыр. Оған 21 елдің дәстүрлі спорт түрлерін дамыту және насихаттаумен айналысатын 30 институт кіреді. Осы орайда, Астанада қыркүйек айында өтетін V Көшпенділер ойындарының бас серіктестерінің бірі екенін айта кеткен ләзім.
Екі күнге жалғасқан VI Этноспорт форумы аясында кездесулер, панельді отырыстар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Талқыланған тақырыптар өзекті.
Мәселен, қатысушылар өзара этникалық спортты танымал етудегі туризмнің рөлі, дәстүрлі спорттағы әйелдердің рөлі және халықаралық жарыстар үшін дәстүрлі спорт түрлерінің ережелерін қалай стандарттау тақырыбында пікір алмасты.
Билал Ердоған, Бүкіләлемдік Этноспорт конфедерациясының президенті:
- V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қыркүйекте Қазақстанда өтеді. Астанадағы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырыларына сенімдіміз. Біз оның жоғары деңгейдегі серіктесі ретінде жұмыс істейміз. Қазақстанмен бірқатар кездесулер өткіздік. Өз тәжірибемізбен бөлістік. Одан әрі жақсарту үшін келіссөздер бастадық. Әрине, дәстүрлі спорт, мәдени байлық пен бірегейліктің әлемде сақталуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл форум әлемнің мәдени байлығын арттыруға үлес қосады деп ойлаймыз.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының ресми мүшесі атанды. Форум барысында Ұлттық спорт қауымдастығы этноспортты дамытуға қатысты барлық регламент пен рәсімдердің халықаралық стандарттарға сай болуы үшін бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының негізгі спорттық бағдарламасын біріздендіру халықаралық жарыстардың бірыңғай күнтізбелік жоспарын жасау, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясымен бірлесіп алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрешілер жұмысының сапасын арттыру секілді ұсыныстар бар.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының басшысы:
- Жалпы біздің жасаған ұсыныстарымызды қабылдап жатыр. Әрине, біз осы мүмкіншілікті пайдаланып, Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының таныстырылымын жасадық. Барлық мемлекеттен келген өкілдерді белсенді қатысуға шақырдық.
Сондай-ақ, Түркиядағы Этноспорт форумында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы таныстырылды. Спорттық доданың нышандары мен жоспары жарияланды.
Али Бен Хатем Мохамед әл-Мехшади, Катар Ұлттық спорт федерациясы басшысы:
- Астанада өтетін жиынға дайындықтар басталды. Жуырда іріктеу жұмысына кірісеміз. Жүлделі орындарға ие боламыз деген сенімдемін.
Форум соңында дәстүрлі спорт саласындағы V халықаралық сыйлық табыс етілді. Аталған сыйлықты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының профессоры Елемес Әлімханов алса, спорт санатында қазақ күресінен спортшы Зарина Сарипова марапатталды.
Меруерт Қанағат, «24.KZ», Анталия.