Шаңғышылар шаң қаптырды
Қазақстандық жігіттер жүлдеге ілігіп, тіпті тарихи нәтиже де тіркеп жатыр. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде қысқы спорт түрлері бойынша биылғы маусымның соңғы жарыстары өтіп жатыр.
Жерлестеріміз арасынан, әсіресе шорт-трекшілер мен биатлоншылар жақсы көрсеткішке қол жеткізді.
Денис Никиша – күміс жүлдегер
Денис Никиша әлем кубогында жүлдеге ілікті. Бірер сағат бұрын Польшаның Гданск қаласында шорт-тректен дүниежүзілік доданың кезекті кезеңі мәресіне жетті. Әсіресе 500 метрлік бәсекеде қазақстандық Денис Никиша өте сәтті өнер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Ол финалда аталған аралықты 41,051 секундта бағындырып, екінші орынға тұрақтады. Алтын жүлде Канада, қола жүлде Польша спортшыларына бұйырды.
Айта кету керек, Денис осы маусымда 3-рет жүлдеге қол жеткізіп отыр. Яғни Канададағы әлем кубогының жекелей сынында қола және Оңтүстік Кореядағы әлем кубогының командалық сынында тағы бір қола жеңіп алған болатын. Соның арқасында 31 340 ұпай жинап, әлемдік рейтингте 4-орынға тұрақтады.
Еске сала кетейік, Гданск қаласындағы байрақты бәсеке әлем кубогының шешуші, яғни соңғы кезеңі. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 1 күміс пен 3 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады. Енді ұлттық команда спортшылары әлем чемпионатына дайындалады және осы жетістікті сол жақта қайталауға тырысады.
Жаңа ғана тағы бір қуанышты хабар алдық. Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем кубогында да күміс жүлдеге қол жеткізді. Дүниежүзілік доданы Нидерланд Корольдігінің Херенвен қаласы қабылдап жатыр.
Ұлттық құрама қыздар арасындағы эстафетада жүлдеге ілікті. Бұл сынға Алина Әжғалиева, Полина Омельчук, Анастасия Астраханцева, Зейнеп Құмарқан және Гүлдана Жалмұхан бестігі қатысты.
Ұлттық құрама – алдыңғы ондықта
Ал биатлоншыларымыз әлем чемпионатында 10-орыннан табылып, тарихи нәтиже тіркеді. Яғни біздің спортшылар бірінші рет алдыңғы ондыққа кіріп отыр.
Биатлон бойынша дүниежүзілік дода Чехияның Нове-Место қаласында өтті. Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы эстафета бойынша сәтті өнер көрсетті. Бұл сында Александр Мухин, Владислав Киреев, Асет Дюсенов және Никита Акимов төрттігі ел намысын қорғаған болатын.
Әсіресе жарыс алаңына алғаш болып шыққан Александр Мухин барлық нысанаға дәл тигізіп, үздік үштіктің қатарына қосылды. Қалған жігіттер осы қарқынды жоғалтпауға тырысып, барын салды. Осылайша қазақстандық команда жарысты 1 сағат 16 минут 22 секундпен аяқтады. Алтын жүлде Швеция құрамасына бұйырды. Екінші орын үшін талас аса тартысты өтті және нәтижесінде Норвегия командасы күміске қол жеткізді. Ал Франциядан келген биатлоншылар үздік үштікті түйіндеді.
Владислав Киреев, Ұлттық құрама мүшесі:
- Мен жарыс алаңына екінші болып шықтым. Барлық мүмкіндігімді сәтті пайдаланып, мәреге 4-болып жеттім. Айта кету керек, бұнда ауа райы өте жылы. Сәйкесінше, қар кәдімгідей еріп, салмағы ауырлай түсті. Бұның барлығы бізге кедергі жасайтыны анық. Осы тұрғыда командадағы шаңғыны майлап отыратын мамандардың еңбегін ерекше атап өтіп, оларға алғыс айтқым келеді.
Мыңмен жалғыз жарысқан...
Италиядан да жағымды жаңалық жетті. Ол жақта, нақтырақ айтқанда, Тоблах қаласында халықаралық шаңғы марафоны ұйымдастырылды.
Байрақты бәсекеге 40-қа жуық елден 5 мыңнан аса қатысушы жиналды. Араларында жалғыз қазақ бар. Думан Бейсенеев есімді қарағандылық шаңғышы 42 шақырым аралықты 2 сағат 15 минут 16 секундта бағындырып, жалпы есепте 133-орынға тұрақтады.
Айта кету керек, Думан бұл жарысқа өз қаржысымен аттанды. Яғни бюджеттен 1 теңге де алған жоқ. Ерекшелігі сол – бұнда бір адам болсын қатысса, жарыс алаңына сол елдің туы тігіледі. Ең негізгі миссиям осы дейді шаңғышы. Бұған дейін Думан дәл осылай Финляндия және Эстонияда өткен додаларға да жалғыз өзі барды. Кейін жарақат алып, 2 жылға жуық жарыстарға шықпаған болатын. Ал осы жолғы Италияға сапары барысында ол арнайы семинардан өтіп, қысқы спорттарды, оның ішінде шаңғы спортын дамыту бойынша білім алды. Бұған қоса, Кәрі құрлықтың халықаралық талаптарға сай базаларын көріп, жергілікті спортшылармен жаттықты. Енді білген-түйгенін Қарқаралыдан шаңғы базасын ашып, болашақ чемпиондарды дайындауға пайдаланбақ.
Аслан Қаженов, "24.KZ"