Киберспортшылар еліміздің намысын халықаралық сайыстарда қорғап жүр
Бірер жыл бұрын еріккенннің ермегі болып көрінген компьютерлік ойындар қазір ресми спорт қатарына қосылып, құрлықтық және әлемдік додалар ұйымдастырыла бастады.
Сәйкесінше біздің елде де республикалық федерация құрылды, жарыстар күнтізбесі бекітілді және ұлттық құрама жасақталды. Қазір қазақстандық киберспорт шеберлері айтулы аламандарда ел намысын абыройымен қорғап жүр.
Киберспорт деген түсінік елімізге 2005 жылдары келе бастады. Ол кезде виртуалды ойынның әуесқойлары өзара бас қосып, кішігірім жарыстар өткізіп тұратын. Ал 2018 жылы бұл бағытты Халықаралық олимпиадалық комитет ресми спорт ретінде таныды. Сәйкесінше біздің елде де сол кезде үлкен серпіліс болды. Қазақ киберспорт федерациясы құрылып, оның дамуы бір жүйеге түсті.
Батырхан Тоғайбаев, Қазақ киберспорт федерациясының жарнама бойынша директоры:
- Қазақстанның ішінде қазір жылына 100-ге жуық жарыс ұйымдастырылады. Оның ішінде әуесқойлар арасындағы да, кәсіпқойлар арасындағы да турнирлер бар. Жүлде қорлары қомақты. Соған сәйкес, бәсекелстік те күшейіп келеді. Әрине, барлық киберспорт өкілі шетелдегі бәсекелерге қатыса алмайды. Сондықтан өз ішімізде жарыстарды жиі өткізіп, спортшыларымыздың шеберлігін шыңдау аса маңызды.
Кейбір дереккөздер елімізде 3 миллионан аса адам виртуалды ойындардың тұрақты қолданушысы екенін алға тартады. Яғни халықтың кемі 17 пайызы киберспортпен етене таныс. Осындай қызығушылықтың арқасында қазақ қыз-жігіттері халықаралық, құрлықтық және әлемдік аламандарда жақсы нәтижелер тіркеп, сенсациялық жеңістерге жетіп, көк туымызды жеңіс тұғырына көтеріп жүр.
Ержан Шәкеев, Қазақ киберспорт федерациясының менеджері:
- Результаттарымыз өте жақсы деуге болады. Неге десеңіз, өткен жылы желтоқсанда Сауд Арабиясында дүниежүзілік чемпионат өтті. Сол жерде біздің балалар алтын медальмен оралды. Жалпы біздің жігіттер жоғары нәтиже көрсетеді. Әсіресе, ұлттық құрама жиналған кезде дайындықтарын өткізгеннен кейін, сондай дүниежүзілік чемпионаттарға жібергенде, өте жақсы нәтиже көрсетеді.
Киберспорттың бұқаралық деңгейде дүмпу алуы бізде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Соны негізге алған халықаралық федерация оны өткен жылы Азия ойындарының бағдарламасына қосты. Ал жақын болашақта тіпті олимпиада бағдарламасына енгізу де жоспарда бар.